• Басты бет
  • Оқиғалар
  • Шарбақты ауданының тұрғыны өзін банк қызметкері ретінде таныстырған алаяқтардың арбауына түсіп, 700 мың теңгесінен айырылып қала жаздады.

Шарбақты ауданының тұрғыны өзін банк қызметкері ретінде таныстырған алаяқтардың арбауына түсіп, 700 мың теңгесінен айырылып қала жаздады.

Жәбірленушінің айтуынша, белгісіз адамдар телефон арқылы хабарласып, оның атына үшінші тұлғалар заңсыз несие рәсімдеуге әрекет жасап жатқанын айтқан. Осыны желеу еткен алаяқтар «қауіпсіз шотқа» ақша аудару арқылы қаржыны сақтап қалуға болатынына сендірген. Психологиялық қысымға ұшыраған әйел олардың нұсқауын орындап, несие рәсімдеп, қаражатты көрсетілген шотқа аударған.

Біраз уақыттан кейін ғана өзінің алаяқтардың құрбаны болғанын түсінген тұрғын бірден жергілікті полиция бөліміне жүгінген.

"Арыз тіркелгеннен кейін тәртіп сақшылары жедел түрде тергеу және жедел-іздестіру шараларын бастаған. Қабылданған кешенді іс-шаралардың нәтижесінде қылмыстың мән-жайы анықталып, заңсыз иемденілген 700 мың теңге толық көлемде заңды иесіне қайтарылды,-деп мәлімдеді Павлодар облысы полиция департаментінде".

Полиция азаматтарды телефон арқылы өзін банк немесе құқық қорғау органдарының қызметкері ретінде таныстыратын күмәнді тұлғалардың сөзіне сенбеуге, ешқашан несие рәсімдемеуге және қаражатты белгісіз шоттарға аудармауға шақырады. Күмәнді жағдай туындаған жағдайда банкке немесе құқық қорғау органдарына тікелей хабарласу қажет.

ФОТО ЖИ көмегімен жасалған