Су тасқыны: Павлодар облысында үш әкімге қатаң сөгіс жарияланды

Аймақ басшысы Асайын Байханов бірқатар әкімдер су тасқыны жағдайына ерекше назар аудару тапсырмасын орындамаған және қажетті іс-шараларды тиісті деңгейде жүргізбегенін жеткізді деп хабарлады irbistv.kz тілшісі.

Облыс әкімдігінде су тасқыны жағдайы бойынша жиналыс өтті. Осы күні өңірімізде 14 қауіпті учаске бақылауға алынып, онда 133 адам, 51 бірлік арнайы техника, 35 мотопомпа жұмылдырылған. Бұл ретте, су басып жатқан елді мекендердегі жергілікті атқарушы биліктің тасқын суға қарсы шаралары сынға ұшырады.

-Павлодар мен Тереңкөл аудандарының, сондай-ақ, Ақсу қаласы әкімдерінің жұмысы қанағаттанарлықсыз деп санаймын. Су тасқынына қарсы іс-шараларды жүргізудегі бақылаудың әлсіздігі үшін оларға қатаң сөгіс жарияланды. Су тасқынына қарсы іс-шаралар ағымдағы жағдай туралы сағат сайын берілетін есеппен тәуліктік режимге ауыстырылды,-деп мәлім етті Асайын Байханов.
 

Фото: Облыстық ТЖД