Танысына оқ атқан павлодарлыққа қатысты істі қайта тергеуге жіберді

Оқиға Бұқар Жырау көшесі, 353 мекенжайында орын алды. Сот отырысында не себепті оқ атқаны анықталды. Айыпталушы өзіне ақша қарыз болып қалған танысына қару кезенген. Істі алқа билер қарады. Нәтижесінде өздігінен әрекет ету дерегі бойынша айыпты деп тауып, қылмыстық жауапкершіліктен босатты. Шамамен 50 мың теңге төлеуге міндеттеді. Прокурор үкіммен келіспеді, апеляция арқылы істі қайта қарауға қол жеткізді.

 

- Қылмыстық процессуалдық кодекс талаптары бұзылғандықтан үкімнің күші жойылды. Алқа билер алдына заң талаптарына сәйкес келмейтін сұрақтар қойылды. Онда сотталушының қорғану құқығы бұзылған, айыптауда көрсетілмеген қылмыс белгілері бойынша деректер болған. Сонымен бірге алқа билердің алдында тек оларсыз талқыланатын мәліметтер сөз болған, - деді Павлодар облыстық соты баспасөз қызметінің маманы Маржан Құрманғалиева.

 

Апелляциялық алқа үкімнің күшін жойып, қайта қарауға жіберді. Соттың бірінші инстанциясында алқа билердің қатысуымен тыңдаулар басталды. Естеріңізге сала кетейін, прокурор бастапқыда айыпталушының адам өлтіруге әрекеттенгені үшін кінәлі деп танып 15 жылға темір торға қамауды сұраған болатын.