• Басты бет
  • Оқиғалар
  • ТЖД қызметкерінің талабына бағынбаған павлодарлыққа айыппұл салынды

ТЖД қызметкерінің талабына бағынбаған павлодарлыққа айыппұл салынды

 

Павлодар қаласының әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында ТЖД қызметкерінің заңды талабына бағынбаған азаматқа қатысты әкімшілік іс қаралды, деп хабарлайды irbistv.kz.

28 маусым күні сағат 21:30 шамасында Академик Сәтбаев көшесіндегі қайық станциясы аумағында ТЖД қызметкері акваторияны патрульдеу барысында ішінде екі бала бар, 7 адам отырған қайықты байқаған. Көлік шамадан тыс жүктелген, әрі ондағы азаматтардың тек екеуі ғана құтқару кеудешесін киген.

Қызметкер тоқтауды талап еткеннен кейін қайық жағаға бет алып, жағада қайықты басқарған ер адам құжаттарын көрсетуден, қызметтік катерге мінуден және медициналық куәландырудан өту туралы заңды талаптарды орындаудан бас тартқан.

Сот отырысында құқық бұзушы кінәсін толық мойындап, іс-әрекетіне өкінетінін білдіреді. Ол камуфляж киген адамның Төтенше жағдайлар департаментінің қызметкері екеніне күмәнданғандықтан оның талаптарына бағынбағанын түсіндіріпті.

Сот қаулысымен азамат ҚР ӘҚБтК-нің 667-бабының 1-бөлігі бойынша кінәлі деп танылып, оған 90 825 теңге мөлшерінде әкімшілік айыппұл салынды. Қаулы заңды күшіне енді, – деп хабарлады Павлодар қаласының әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты.