Тәртіп сақшысына пышақ сілтеген павлодарлық 7 жылға сотталды
Іс материалдарынан белгілісі 25 жастағы павлодарлық пышақ алып шығып, полицейдің білегін жарақаттаған. Қызметкер айтарлықтай жапа шекпесе де, ТЖ тәртібіндегі бұл әрекет ауыр қылмыс деп саналды. Айыпталушы сотта бап бөлімін қайта қарастыруды сұрады. Бұл кезде ол үш жылдан артық отырмас еді. Алайда бұл өтініш қанағаттандырылмады.
- ҚР ҚК 380-бабы 3-тармағы бойынша қылмыс жасағаны үшін кінәлі деп танып қылмыстық атқару жүйесінің орташа қауіпсіздіктегі мекемесіне 7 жылға қамау жазасы тағайындалсын, - деді Павлодар қалалық №2 сотының судьясы Жанар Тұрлыбаева.
Жігітті ең аз мерзімге қамады. Ал бап бойынша 12 жылға дейін абақты қарастырылған. Дегенмен де жапа шеккен полицей сотта қатаң жазаны талап етпеді. Судья ер азаматтың жас екенін сонымен қатар өкінгенін ескерді. Үкім заңды күшіне енген жоқ.
