Заңсыз еңбек еткені үшін екі рет ұсталған шетелдік Қазақстаннан шығарылады
Павлодар облысының Успен аудандық сотында Өзбекстан азаматына қатысты іс қаралды, деп хабарлайды irbistv.kz.
Анықталғандай, бұған дейін де осы азамат көші-қон заңнамасын бұзғаны үшін жауапқа тартылған. Дегенмен, маусым айында заңсыз жұмыс істегені үшін ол қайтадан полицейлердің назарына ілікті.
Сотта ер адам өз айыбын толық мойындап, өкінетінін айтты әрі жазаны айыппұлмен шектеуді сұрады, бірақ сот басқаша шешім қабылдады.
– Сот қаулысымен Өзбекстан Республикасының азаматы ӘҚБТК-нің 517-бабы 7-бөлігі бойынша кінәлі деп танылды. Оған Қазақстан Республикасы аумағынан әкімшілік жолмен шығарып жіберумен бірге 1 тәулікке әкімшілік қамаққа алу түріндегі әкімшілік жаза тағайындалды. Қаулы заңды күшіне енді, – деп хабарлады Успен аудандық соты.
