Жетекші ауылының тұрғындары жаңа үйлерінің сапасына шағымдануда
Қоныс тойын тойлағанына бірнеше жыл өтсе де, Жетекші ауылының тұрғындары жаңа үйлерінің қызығын көре алмай отыр. Себебі пәтерлердің қабырғасын зең басып, терезелерінен су кетпейді. Биыл көктемде тұрғындардың шағымынан кейін әкімдік 22 үйді жөндеуге 175 миллион теңге бөлген деп хабарлайды irbistv.kz.
Жетекші ауылындағы бұл үйлерге тұрғындар 2022 жылы қоныстана бастаған. Бірақ көп ұзамай қабырғалар дым тартып, көгере бастаған. Сания Тетежанова бұл үйге келгенде іші ылғал болғанын еске алады. Тұрғындар бұған дейін мәселені өздері шешуге тырысқан. Ал биыл жазда жүргізілген жөндеуден кейін жағдай тіпті қиындапты. Енді әйел терезеден аққан суды күн сайын сүртуге мәжбүр. Көктемдегі шағымнан кейін мердігер терезелерді ауыстырып, шатырды жылылап, үйлердің сыртын жөндеген. Бірақ тұрғындардың айтуынша, ылғалдың кесірінен жиһаздары бүлініп, тұрмыстық заттары жарамсыз болып қалған.

- Қазір плевритпен ауырып жүрмін. Бұл пневмониядан кейінгі асқыну. Себебі үйімнің іші өте ылғалды. Көгеру байқалмаса да, қабырғалар мен бөлмелерде дымқылдық бар. Үйге кіргенде төсекке жатудың өзі жағымсыз, өйткені оның өзі де ылғал тартып тұрады, - Жетекші ауылы Мәметова көшесіндегі №14/6 үйдің тұрғыны Тлектес Мукашева.

Жетекші ауылындағы Мәметова және Сәтбаев көшелерінде орналасқан үйлерді қайта тексерген әкімдік өкілдері желдету жүйесінің дұрыс жұмыс істемегенін мойындады. Қазір мердігермен бірге оны қайта орнатып жатыр.
- Біз желдету жүйесін орнатқан едік. Алайда күн суыта бастағанда оның тиісті нәтиже бермейтіні байқалды. Сондықтан мердігермен бірге жүйені қайта жасау туралы шешім қабылдадық. Қазір бір көшедегі жұмыстар толық аяқталды. Нәтижесі көңіл көншітерлік. Мен тұрғындармен үнемі байланыстамын, апта сайын барып тұрамын. Әрқайсысында менің нөмірім бар. Өзім жағдайды бақылап жүрмін. Кейбір үйлерде ылғал мүлде жоғалды, енді бірінде біртіндеп азайып келеді, - дейді Павлодар қалалық тұрғын үй қатынастары бөлімінің басшысы Хамзат Байсенов. Қайта жөндеуден кейін кей тұрғындар ылғалдың азайғанын айтады. Дегенмен мәселе толық шешілген жоқ. Енді әкімдік құрылыс компаниясын алақол деп тану үшін сотқа жүгінбек.
