• Басты бет
  • Оқиғалар
  • «Адам өлтіруге әрекеттену» бабы бойынша сотталған ер адамның анасы үкіммен келіспейді

«Адам өлтіруге әрекеттену» бабы бойынша сотталған ер адамның анасы үкіммен келіспейді

Алтын Жанбаеваның айтуынша ұлы Мәди 43 жаста, көп баланың әкесі. Қаңтар айында ол елордадан келген досымен дәмханаға барған. Ол жерде тағы бірнеше ер адам болған. Отырыс пәтерде жалғасын тапқан. Сол жерде төбелес орын алған.  

 

- Ол маған да, сотта да ешкімді өлтіргім келген жоқ деп айтты. Тек төбелес кезінде қорғанған. Ол мені мүгедек қып тастай ма деп қорықтым дейді. Себебі оған жабылғандар екеу болыпты. Ұлымды да басынан орындықпен соққан, - дейді сотталушының анасы Алтын Жанбаева. 

 

Анасының айтуынша төбелестен соң ұлы үйге кеп жатып қалған. Ал таңертең полицейлер ер адамды алып кеткен. Жапа шегушілер оған қарсы шағым түсірген болып шықты. Ал тергеушілер бұл төбелесті адам өлтіруге әрекеттену деп бағалапты. Нәтижесінде сот қатаң үкім кескен.

 

- Ол екі адамды өлтіруге әрекеттенгені үшін кінәлі деп танылды. Оған қауіпсіздігі жоғары мекемеге 15 жылға қамау жазасы тағайындалды, - дейді Павлодар облысы қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соттың баспасөз хатшысы Жанна Тергемесова.

 

Қазір айыпталушы қайта шағым түсірген. Шешімді қайта қарастырып, тым болмаса бапты өзгертуді сұрайды.