«Бұл қасақана адам өлтіру емес!», - дейді күдіктінің әйелі

Татьянаның айтуынша күйеуі сол түні енесіне қызына емізік алуға барған. Қайтар жолда бір топ адамға кезіккен. 

 

- Олардың бірі менің күйеуімді басқа біреумен шатастырып шақырып алған. Жолдасым бұрылып одан саған не керек деп сұрапты. Анау балағаттай бастаған. Менің күйеуім бұрын сотталғандықтан ондай сөздер ұнамай қалған. Ал екіншісі болса өзінің полиция қызметкері екенін пайдаланған болуы мүмкін, - дейді Татьяна Сарсенова. 

 

 

Әйелдің айтуынша күйеуі велосипедтің қобдишасынан пышақ алып шыққан. Сөйтіп ер адамдардың бірін, яғни полиция қызметкеріне жеңіл жарақат салған. Кейін өзі қашып кетпекші болғанымен қайта оралған, сол кезде қолға түсті. Татьянаның айтуынша бастапқыда денсаулыққа қасақана зиян келтіру дерегі бойынша іс ашқан. Алайда кейін оны қатаң бапқа ауыстырыпты. Күйеуім істі болғандықтан осылай жасап тұр дейді. Айтуынша ол екі жыл бұрын темір тордан шыққан, қазір үлгілі отағасы.

 

- Мен оған қатысты бапты өзгерткенін қалаймын. Бұл қасақана адам өлтіру емес. Ол оларды танымайды да. Ол отбасында жақсы жар, жақсы әке. Оған қазір 15-тен 20 жылға дейін темір торға қамалу қаупі төніп тұр. Ол бұған лайық емес, - деді әйел.

 

 

- Жапа шегуші шынымен де Павлодар облысы ПД есірткі қылмысымен күрес басқармасының қызметкері болып табылады.  Оған қатысты құқыққа қайшы әрекет жасалғанда ол кезекті еңбек демалысында болды. Қазіргі уақытта істің мән-жайын толық зерттеу үшін жедел тергеу шаралары жүргізілуде, - дейді Павлодар облысы ПД баспасөз қызметінің басшысы Жанна Белялова.

 

 

 Полицияда адам өлтіруге әрекеттену дерегі бойынша қылмыстық іс қаралып жатқанын айтты. Жанжалдың басқа тұстары тергеу құпиялылығына байланысты жария етілмейді. Ал Татьяна күйеуім көп жылға сотталып кете ме деп қорқады. Жолдасының пышақ алып шыққанын құптамайтынын жеткізді.