Қайны ағасын өлтірген Жаңақала ауылы тұрғынының үкімін өзгертті

Қайнағасын өлтірген көп балалы анаға сегіз жыл берген еді. Кейін ол үкімді өзгерту үшін аппеляцияға берді. Отырыста ауылдасы оны жақтап шықты. Ол айыпталушыны көбісі қолдап отырғанын жеткізді.


- Бұл жаға ұстатарлық жағдай. Оған біз қоғам кінәліміз. Біздің немқұрайдылығымыз. Марқұм болған жігіт үнемі мүгедек ата-анасын, Жанарды және балаларды жиі ұратын. Бұл біздің қазақи әдет ұят болады деп айтамыз үнемі. Мен үнемі әжейге неге полиция шақырмайсыңдар деп айтатынмын. Ал ол ұят болады дейді, - дейді ауылдасы.


Сотталушы мен оның қорғаушысы бапты ауыстыруды сұранды. Яғни темір торға қамау жазасын басқасына өзгертуді өтінді. Әйел босанған соң бірден үкім шығарып, қамауға алды. Нәрестеден басқа тағы 5 баласы бар. Прокурор күтпеген жерден шағымды ішінара қолдады. Жазаны ең төменгі шектен де аз беруге болатынын айтты. Сот мемлекеттік айыптаушының жағына шықты.


- ҚР ҚК 51-бабы 4-бөлімі бойынша бес жылға қылмыстық-атқару жүйесінің орташа қауіпсіздіктегі мекемесіне бес жылға қамау жазасы тағайындалсын. ҚР ҚК 74-бабы 1-бөліміне сәйкес жазаны өтеу мерзімі бес жылға шегерілсін. Бірақ бұл бала 14 жасқа толғанша болуы шарт, - деді судья.


Сот адам өлтіру бабынан бас тартуға мүмкін еместігін түсіндірді. Себебі марқұмның аяғы ауыр әйелге бірінші тап бергені толық нақтыланбаған. Судья жағдай өзгеше деді, сонымен бірге балаларының барын ескерген. Енді жазасын бес жылдан соң өтейді.