Қараша айы Павлодар облысында әдеттегіден жылы болады
Синоптиктердің болжамынша, айдың ортасына таман қар жауа бастайды. Ал әзірге тұрғындар жылы күндердің рақатын көре алады. Мамандардың айтуынша, биылғы күз өңір үшін әдеттен тыс жұмсақ әрі ұзаққа созылды деп хабарлайды irbistv.kz тілшісі.
Қараша айында күндізгі ауа температурасы біртіндеп төмендейді. Синоптиктердің болжамына сәйкес, айдың алғашқы онкүндігінде сынап бағаны әлі де +12 градусқа дейін көтерілуі мүмкін. Одан кейін күн суыта бастайды. Айдың ортасында ауа температурасы -2...-7 градус аралығында болса, айдың соңында -5...-10 градусқа дейін төмендейді.
-Әрине, биылғы күз климаттық нормадан жылы әрі ұзақ болды. Біздің өңірде мұндай ұзаққа созылған тұрақты жылы күз сирек кездеседі. Әдетте қар бірден түсіп, кейін ауа райы бірде жылынып, бірде суып отырады. Ал биыл ұзақ уақыт бойы тұрақты жылы кезең байқалды,-деді
«Қазгидромет» РМК павлодарлық филиалы метеоболжамдар бөлімінің басшысы Ирина Анохина.
Сондай-ақ қарашаның ортасы мен соңында өңірде қар жиі жауады деп болжанып отыр. Ал ай бойы желдің жылдамдығы секундына 15-20 метрге дейін жетуі мүмкін. Синоптиктердің айтуынша, ауа райындағы өзгерістер өңірге негізінен батыстан келеді. Сондықтан Астанада қатты боран басталса, оның көп ұзамай Павлодар облысына да жетуі ықтимал.
