Құпия сөз «Шуба»: Павлодарда полицейлер алаяқтардың жолын кесті

Белгісіз адамдар өздерін мемлекеттік орган қызметкері ретінде таныстырып, зейнеткер әйелге оның банк шотына «шабуыл жасалғанын» хабарлап, психологиялық қысым көрсету арқылы оны 2 миллион теңгені беруге көндірген. Сонымен қатар, әйелге «тегін» таксиге отырып, Геринг көшесіндегі үйдің жанына ақша алып келу керектігі айтылған.

 

Анықталғандай, көрсетілген мекенжайға таксиді белгісіз ер адам шақырған. Зейнеткерге ақшаны тапсыру кезінде «Шуба» деген код сөз айтылатыны ескертілген. Көрсетілген мекенжайға келгенде, оған шынымен де бір әйел жақындап, зейнеткер 2 миллион теңгені соған берген. Кейін екеуі де алаяқтардың құрбаны болғандарын түсініп, полицияға жүгінген.

 

- Алаяқтар өз схемаларын үнемі жетілдіріп, адамдарды асығыс әрі ойланбай әрекет етуге мәжбүрлеу үшін психологиялық қысым көрсету әдістерін қолданады. Егер телефон арқылы сізді шұғыл түрде ақша беруге көндірсе, код сөз айтса немесе болған жағдайды жақындарыңызға айтуға тыйым салса, әңгімені бірден тоқтатыңыз, — деді Павлодар облысы ПД баспасөз қызметі.