Үйлері жанып кетіп, далада қалды

Оқиға сенбі күні күндіз орын алған. Бөлмелерді қою түтін басқан кезде Юлия Ахметханова тезірек балаларын киіндіріп, терезеден алып шыққан. Өрт сөндірушілер дер кезінде жеткенімен баспана тұруға жарамсыз. Абырой болғанда киімдері мен бірқатар тұрмыстық техниканы, құжаттарын алып үлгерген.  

 

- Үй жарамсыз. Шатыры құлаған. Жылу жоқ болғандықтан батареялар да қатып қалды. Заттарымыз аман, алайда паналайтын жеріміз жоқ. Осы жазда ғана  үйді жөндеуге миллион теңге несие алған едік. Жолдасым екеуіміз тек жалақыға күн көріп отырмыз. Бұдан басқа баспанамыз да, көлігіміз де жоқ. Қарапайым ғана тұрып жатқан едік, - дейді Юлия Ахметханова.

 

Қазір отбасы үш баласымен бірге туысқандарын паналауда. Олар енді жұртшылықтан көмек сұрауға мәжбүр. Тым болмаса құрылыс материалдарымен жәрдемдессе дейді. Мамандар соңғы кезде өрт деректері көбейгенін алға тартты.

 

- Орын алған жағдайлар бойынша барлығында адами фактор себеп болып отыр. Қыс келгендіктен пеш жағады немесе жылыту құрылғыларын қолданады. Өрт қауіпсіздігіне мән бермейді. Ал көпқабатты үйлерде көбіне темекі салдарынан шығады, - деп мәлімдеді Павлодар қаласы ТЖБ басшысы Ринат Валишанов.

 

Ал жалыннан жапа шеккен Ахметхановтар отбасысына +77083061785 телефон нөмірі арқылы хабарласып, көмек қолын созуға болады. Қазір үйді бастапқы қалпына келтіру үшін төбені жабатын материалдар, ағаштар мен бояу-әктеу құралдары керек.