• Басты бет
  • Спорт
  • «Ақсу» футбол клубында бас бапкер Руслан Костышиннің болашағы жайлы айтты

«Ақсу» футбол клубында бас бапкер Руслан Костышиннің болашағы жайлы айтты

Соңғы кездері жеңілістерден көз ашпай келе жатқан павлодарлық «Ақсу» футбол клубына қатысты түрлі мәліметтер әлеуметтік желілерде жарияланып, жанкүйерлері қай ақпаратқа сенерін білмей дал. Бұл ретте, команданың бас бапкері Руслан Костышин қызметін босатады ма? Бұл туралы «Ирбис» арнасына клуб басшылығы эксклюзивті сұхбат берді.

 

«Ақсу» командасының бас бапкері Руслан Костышин қызметін босатпайды. Клуб басшылығы көп ойланып, дәл осындай шешім қабылдады. Бірақ, жеңілістерге белшісінен батқандықтан мұндай шешім ойда болғандығын мойындап отыр.

 

-Жасыратыны жоқ, біз Руслан Костышинді қызметінен босатуды қарастырдық. Себебі нәтижелер үшін бірінші кезекте бас бапкер жауап береді. Дегенмен клуб менеджменті жаттықтырушылармен жиналыс өткізіп, бапкерлер маусым соңына дейін қызметтерін жалғастырады деген шешімге келді. Бұған барлық ұжым болып жауап беруге уәде жасастық,-деп мәлім етті «Ақсу» клубының директоры Алихан Лесов.

 

Өзгі қазақстандық футбол маманы Константин Горовенко Павлодарға келіп тұрып, жаңа «коуч» ретінде таныстырылуға жақын еді. Бірақ, клубта 9 ойын қалған сәтте түбегейлі өзгеріс зиян болуы мүмкін екендігін түсінген көрінеді. Әрі ойыншылар да, Костышиннің жетекші болып қалуын сұраған.

 

-Сараптама жасадық. Біріншіден жеңілген ойындар басым бөлігі ел кубогы ойындары, әрі чемпионаттың көшбасшыларына қарсы кездестік. Қазір қалған матчтардың көбісі біздің негізгі ұпай үшін қарсыластармен өтеді. Ойыншылар бас бапкерге қолдау көрсетті, әрі маусым соңында күрт өзгеріс жасауға бет алмадық.-дейді Алихан Лесов.

 

Команда қатарына сербиялық Лазар Зличич, португалиялық Джилсон Да Кошта, африкалық Тони Сильва сынды легионерлермен толықты. Сонымен қатар «СуперБол» ұлттық жобасының финалисті, павлодарлық дарын Жақсылық Кенжебаев ұжымға қосылды. Әуесқой футболшының қайсар мінезі таң қалдырды дейді клубта.

 

-Кәсіби футболшы болу арманы үшін зауыттағы жұмысын тастап, жасыл алаңға шыққан жерлесіміздің қолдауға мәндетті болдық. Оның ойынын бақылап мүмкіндік беріп отырмыз. Дайындығы жаман емес. Қалғанын уақыт көрсетер,-деп ойымен бөлісті клуб басшысы.

 

Келесі матчын «Ақсу» 4 қыркүйек күні Павлодарда «Мақтааралға» қарсы өткізеді. Ойын басталуы сағат 20:00.

фото: ФК Аксу