«Ертіс» Қазақстан кубогының келесі кезеңіне өтті

 

 

«Ертіс» футбол клубыҚазақстан кубогының алдын ала кезеңі додасының кезекті матчында «SD Family» клубын артта қалдырып, 2:1 есебімен сенімді жеңіске жетті деп хабарлайды irbistv.kz тілшісі.

 

Максим Вагановтың нәтижелі пасы арқасында павлодарлық команданың сұрмергені Арман Смаилов есепті бірінші таймның соңғы минуттарында ашты. Ойынның екінші кезеңінде Даниил Нырков нәтижені еселей түсірді. Владимир Воменконың стандарт соққысын, қорғаушы секіріп, басымен қақпаға дәл "қадады".

 

Елордалық қарсыластар бір допты қайтарғанымен, жеңімпазды анықтау мәселесіне бұл еш әсер етпеді. Қорытынды 2:1! Павлодарлық «Ертіс» Қазақстан кубогының алдын ала раунды келесі кезеңіне өтті.

 

Айту керек, іріктеу кезеңі аясындағы алдағы матчта «Ертіс» ақтаулық «Каспий» футбол клубымен шеберлік байқасады.

 

Фото: «Ертіс» ФК