• Басты бет
  • Спорт
  • «Ертіс» әйелдер футбол командасы өз алаңында жеңіске жетті

«Ертіс» әйелдер футбол командасы өз алаңында жеңіске жетті

Орталық стадионда біздің аяқдопшы аруларымыз өскемендік «Алтайды» артта қалдырды деп хабарлайды irbistv.kz тілшісі.

 

Футболдан Қазақстан әйелдер чемпионатының кезекті турында жергілікті «Ертіс» командасы өскемендік «Алтаймен» шеберлік байқасты. Біздің арулар өз жерінде жеңіске жету үшін барын салып, жігерлі матч өткізді. Бірінші таймда есеп ашылмайды. Ал кездесудің екінші бөлігінде біздің қақпаға пенальти тағайындалады. Голкипер Балауса Серікбай қарсыластың екі соққысын қайтара біледі. Бұнымен тоқтамай «Ертіс» арулары «Алтайға» гол соғады, авторы Аминат Бигожина. Кейін дәл осы ойыншы Елизавета Медведеваға ассист жасап, шабуылшы нәтижені еселейді. Соңғы минуттарда төреші біздің қақпаға тағы бір 11 метрлік соққы тағайындайды. Бірақ, Балауса Серікбай бұл жолы да қақпасына гол өткізбей, матчтың үздік ойыншысы атанды.

 

- Бүгінгі ойын мен үшін маңызды болды.Менің негізгі құрамдағы дебюттік ойыным. Командаға жеңіс сыйлағаныма өте қуаныштымын. Келген жанкүйлерге үлкен алғыс айтамын. Осындай ойындар алда көп бола берсін,-деді «Ертіс» әйелдер командасының қақпашысы Балауса Серікбай.

 

«Ертіс» арулары 14 матч өткізіп, В конференциясының турнир кестесінде 18 ұпаймен 7 орында келеді. Дебютанттар үшін нәтиже жаман емес, бірақ жағдайды жақсартуға әлі де мүмкіндік бар. Келесі матч 18 тамыз күні сырт алаңда «Шахтерға» қарсы өтеді.

 фото: "Ертіс" ФК