«Ертіс» ФК-ның жаңа бас бапкері тағайындалды
Бұл қызметке бұған дейін «Ақсу», «Қайсар» және «Ұлытау» клубтарында жұмыс істеген 48 жастағы Марат Еслямов тағайындалды, деп хабарлайды irbistv.kz.
Марат Еслямов өз мансабында «Намыс», «Қайрат ЦСКА», «Ақмола», «Есіл» және «Химик» клубтарының намысын қорғаған. Бапкер ретінде Қазақстан клубтарында, жасөспірімдер және жастар құрамаларында қызмет атқарып, сондай-ақ Қазақстан ұлттық құрамасының бапкерлер штабының құрамында жұмыс істеген.
– Әр жылдары Марат Еслямов «Ақсу» клубымен табысты еңбек етіп, 2021 жылы Бірінші лиганың жеңімпазы атанды. Сондай-ақ «Қайсармен» бірге Бірінші лигада күміс жүлдеге қол жеткізіп, команданы Премьер-лигаға шығарды. 2023–2024 жылдары «Ұлытау» футбол клубын басқарды, – деп хабарлады «Ертіс» ФК-ның баспасөз қызметі.
Бас бапкердің көмекшісі қызметіне Қазақстан клубтарында жұмыс істеген және Қазақстан ұлттық құрамасының бапкерлер штабының құрамында болған тәжірибелі маман Иван Азовский тағайындалды.
Фото: «Ертіс» ФК.
