«ИРБИС» - ЧЕМПИОН!

 

 

«Ирбис» телекомпаниясы ұжымы шағын футболдан өткен облыстық турнирі жеңімпазы атанды. Төл мереке қарсаңында қарсаңында Қазақстан Журналистер одағының Павлодар облыстық филиалының кубогы ойнатылып, тартысты бәсекеде арнамыздың қызметкерлері топ жарды.

Төртінші билік өкілдері кәсіби мейрамдары қарсаңында мақала мен сюжеттердің басты қаһармандары өздері болды. Жасыл алаңдағы тартысқа қарағанда, журналистер облысымызда көптен бері ұйымдастырылмаған шағын футболдан доданы тағатсыздана күткен. Сайысқа «Ertis» телеарнасы, меншікті тілшілері құрамасы, «Ertis Media» командасы және біздің «Ирбис» телекомпаниясы ұжымы қатысты.

 

- Өте керемет жарысқа қатысып отырмыз. Журналистер кубогын ұйымдастырған азаматтарға мың алғыс. Осылай әріптестерімізбен жұмыста ғана кездеспей, спорттық шараларда да бас қосу бізді қуантады. Команда жинап келіп отырмыз,-дейді «Ирбис» тілшісі Айтмұхамбет Айғожа.

 

Дүбірлі жарыстың өтуіне Қазақстан журналистер одағының аймақтық филиалы ұйытқы болды. Басты мақсат бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлерінің мәртебесін арттырып, жұмыстан тыс ортада әріптестердің басын қосу. Айтпақшы, турнир кубогы ауыспалы, сәйкесінше бұл сайыс жыл сайынғы дәстүрге айналмақ.

 

-Журналист жаза да біледі, айта да біледі, көрсете де біледі. Көбісі өмірде жігерлі, қуатты азаматтар. Сол жігерлерін спорттық сайыста көрсетсін, тер төксін, талас ұйымдастырайық, сынайық осы турнирге ұйытқы болдық. Биылмен шектеліп қалмайды,-деп мәлім етті Қазақстан журналистер одағының Павлодар облыстық филиалы басшысы Болат Аманбаев.

 

Қаламгерлер квартетінде «Ирбис» пен «Ertis Media» құрамалары екі жеңісті матч өткізіп, шешуші ойында кездеседі. Алдыңғы ойындарда голдар көптеп соғылса, финалда ешкім асығыстық танытпай, нағыз триллер орын алды. Қарсылас қақпасынан Дмитрий Белоградов саңылау тауып, бұл доп жеңісті болады. Қорытынды 1:0. «Ирбис» чемпион атанады.

 

Телекомпаниямызға жүлде әкелу үшін барын салған бейнеинженерлер Павел Варенёв пен Михаил Павлов, оператор Дамир Ешанов және тілшілер Бекбол Мырзахан, Айтмұхамбет Айғожа, Дмитрий Белоградов, Дархан Бекишев және Павел Серяков. Жігіттер бұл жеңісті арнамыздың 20-жылдық мерейтойына арнады.