Ақсу қаласында «Қазхром» XVII спорттық ойындары өтуде

 

 

Көптен күткен Қазхром XVII спорттық ойындарының ашылу салтанатын осы жолы Ақсудағы Иманжүсіп Құтпанұлы атындағы дене шынықтыру кешені қыбалдады. Дон тау-кен байыту комбинатының, «Қазмарганец» кен басқармасы мен «Марганец Жәйрем» құрамасы, Ақсу және Ақтөбе ферроқорытпа зауыттарының 400-ден астам спортшысы келді. Металлургтер қаласы барша қонақтарды ерекше қонақжайлығымен қарсы алды.

 

-«Қазхром» ТҰК» АҚ Бас директоры Сергей Леонидович маған күзде спорт ойындарын Ақсуда өткізейік, қалай қарайсыз деді, мен айттым, біздің есіктер әрқашан ашық. Бүгін бәріміз спорт мерекесінде кездесіп отырмыз. Баршамызға 17-ші спорттық ойындар құтты болсын, -деп жеткізді Ақсу қаласы әкімі Нұрлан Дюсимбинов.

 

Пандемиядан кейін бұл сайысты қарапайым жұмыскерлер тағатсыздана күткен еді. Сол себепті биылғы дайындықтың орны бөлек. Барлығы жеңістен дәмелі. Қазхром спорттық ойындарының жалауы биік көтеріліп, транс-ұлттық компаниясы басшылығы командаларға сәттілік тіледі.

 

- Казхромда спорт дәстүрі қалыптасып, сақталып келе жатқаны өте маңызды. Ұрпақтар сабақтастығын біз жалғастырып жатқанымыз қуантады. Әрбір жұмыскер өз ісін адал орындап, еңбектеніп жүргендіктен, біздің компанияның ертеңгі күнге деген сенімділігі артады. Соның арқасында біз барлығымыз осындай тамаша іс-шараларда бас қосып, спорт думанын өткізіп жатырмыз,-деп мәлім етті «Қазхром» ТҰК» АҚ Бас директоры Сергей Прокопьев.

 

- Барлықтарыңызды кезекті Казхром спорттық ойындарында көргеніме қуаныштымын. Жарақатсыз, әділ бәсеке болсын! Жарқын жеңістер тілеймін,-деді «Қазхром» ТҰК» АҚ Ақсу ферроқорытпа зауытының директоры Мұсабек Мақашев.

 

Қатысушылар таңғажайып салтанат шарасынан жігерленіп спорт алаңдарына жол тартты. Жалпы 5 локация ойластырылған. 4 ұжымның өкілдері, спартакиаданың бас жүлдесіне таласқа кірісіп кетті. Қызу бәсеке футбол командалары арасында өтті. Бұл ретте, Ақсу ферроқорытпа зауыты жанкүйерлерінің қолдауы да ерекше екендігін атап өткен жөн.

 

-Көп болды, қаншама күттік пандемиядан кейін осы спартакиаданы. Казхромның спорт ойындары керемет шара. Өзімізді көрсетуге тырысамыз. Бүкіл қатысушыларға сәттілік,-дейді «Қазхром» ТҰК» АҚ Ақсу ферроқорытпа зауытының газбен кесушісі Айбек Мырзалиев.

 

-Спорттық ойындар Ақсу қаласында өте жоғары деңгейде ұйымдастырылған. Барлық командалар мықты дайындалып келген. Кімнің кім екенін ойындар шешеді,-деп жеткізді «Қазхром» ТҰК» АҚ «Қазмарганец» кен басқармасы командасы ойыншысы Абылайхан Ғалым.

Компанияның 4 кәсіпорының қарапайым жұмыскерлері, шеберлік жағынан кәсіпқойлардан еш кем түспейтіндігін айқын көрсетуде. Олардың барлығы спорттың 14 түрінен бақ сынасуда. Айту керек, алаң қожайындары Ақсу ферроқорытпа зауыты спорттық ойындардың 13-дүркін чемпиондары, биыл атақтарын қорғау үшін барын салмақ.