Ақсу ферроқорытпа зауытының арулары дәстүрлі эстафеталық ойынға қатысты
Мерекені есте қаларлықтай өткізуде эстафеталық жарыстан артығы жоқ. ERG құрамына кіретін "Қазхром" Трансұлттық компаниясы" акционерлік қоғамының филиалы Ақсу ферроқорытпа зауытында жыл сайынғы «Ал, қанекей, қыздар!» атты спорттық додасы өтті деп хабарлайды irbistv.kz тілшісі.
«Ал, қанекей, қыздар!» атты эстафеталық сайыс Ақсу ферроқорытпа зауытының визиттік картасына айналған. 8 наурыз мейрамы қарсаңында өндіріс орнындағы әйелдер қауымы спорттық сайысқа түсіп, бұл доданы игі дәстүрге айналдырған. Жылдан жылға шараның деңгейі артып келеді. Арулардың спортқа деген құлшынысын кәсіпорын басшылығы да қолдап, мерекемен құттықтады.
-Көктем мерекесі баршаларыңызға құтты болсын! Армандарыңыз орындалсын, махаббат пен бақыт, бар жақсылықты тілеймін!,-деді "Қазхром" ТҰК" АҚ филиалы Ақсу ферроқорытпа зауытының директоры Мұсабек Макашев.
"Металлург" спорт кешеніндегі атмосфера ерекше еді. Жанкүйерлердің қызу қолдауымен, 7 қыздар командасы, жүлделі орындар үшін соңғы демі қалғанша табанды күресті. Нәзікжандар Ақсу ферроқорытпа зауытында жекелей емес, командалық жұмыстың да жоғары деңгейде екендігін көрсете білді. Ақсу ферроқорытпа зауытының әйелдер қауымы жыл сайынғы эстафетаны тағатсыздана күтеді. Былтыр жеңілгендер биыл қатты дайындалып, реванш алғысы келеді, ал кейбір арулар, бұл доданың арқасында спортпен айналысуды да қолға алған көрінеді.
- Жылда күтеміз. 8 наурыз халықаралық әйелдер күнін ерекше күтеміз. Сол үшін дайындықпен, қызу жұмыс жасап келеміз. Эмоция көп. Жұмыс күніне қарамастан, бізді осындай шараға босатқан басшылыққа алғыс. Ұйымдастырушыларға үлкен рахмет. Өте қызықты, эмоцияға толы өтуде,-деп жеткізді «Ferrolady» командасы ойыншысы Динара Макшарова.
Тартысты бәсекеде «Power» командасы эстафеталық ойынның жеңімпаздары атанды, ал күміс жүлделер «Бриллианттар» ұжымына бұйырса, үшінші орынды «Ferrolady» құрамасы иеленді. Бірақ, бұл жарыста жеңістен бөлек, достық атмосферасының орны бөлек дейді арулар. Қайткенмен, Ақсу ферроқорытпа зауыты бір үлкен команда.