Ақсуда «Қазхром» 17-ші спорттық ойындары аяқталды

 

 

Еуразиялық Топқа кіретін (ERG), «Қазхром»ТҰК» АҚ 17-ші Спорттық ойындары аясында үш күн бойы Ақсуда табанды күрес өтті. Отандық тау-кен кешенінің ірі кәсіпорындары – Дөң тау-кен байыту комбинаты, «Қазмарганец» кен басқармасы мен «Марганец Жәйрем» құрамасы, Ақсу және Ақтөбе ферроқорытпа зауыттарының шамамен 400 үздік қызметкерлері спорттың 14 түрінен шеберлік байқасты.

 

-Бұндай жарысқа алғашқы рет қатысуым. Мақсат қойсаң, мүмкін емес ештеңе де жоқ,-дейді Ақсу ферроқорытпа зауыты құрамасы спортшысы Альбина КАРАГАЕВА.

 

-Жеңіл атлетикамен 33 жастан айналыса бастадым. Бірден Еуразиаттық ойындарға қатысқан едім. Және де жүлдеге ілігіп, нәтиже көрсеттім. Осы жолы екінші рет жарысып жатырмын. Өзіңді сынап көрсең, міндетті түрде биіктен көрінесің,-дейді Ақсу ферроқорытпа зауыты құрамасы спортшысы Марина БРЕННЕР.

 

Ақсудағы Иманжүсіп Құтпанұлы атындағы дене шынықтыру кешенінде өткен жарыстың жабылу салтанаты көрермендерге ерекше қуаныш пен ұмытылмас әсер сыйлады. Дей тұра, Ақтөбе, Қарағанды, Хромтаудан келген жанкүйерлер мен олардың қолдауы спорт мерекесінің нағыз әшекейіне айналды. Қонақтар Ақсулық әріптестеріне қонақжайылық үшін алғыстарын жеткізді.

 

-Ең бірінші спорттық іс-шараны ұйымдастырушы әріптестеріміз, Ақсу ферроқорытпа зауыты, Ақсу тұрғындарына алғыс білдіреміз. Керемет қарсы алу, керемет ұйымдастыру. Бүгін марапат беріліп жатқанымен, бірлік жеңіске жетті, Қазхромдықтарды жетті. Жеңістеріңмен құттықтаймын сіздерді ,-дейді «Қазхром» ТҰК» АҚ кәсіподақ ұйымының ҚБ Ақтөбе ферроқорытпа зауыты бастауыш кәсіподақ ұйымының төрағасы Әбілқайыр СОТҚАРОВ.

 

Қызметкерлерді саламатты өмір салтына ынталандыру, спортпен шұғылдану және денсаулықты нығайту— Қазхромның көп көңіл бөлетін әлеуметтік саясатының маңызды бағыты екені һақ. Бұл ретте, «Қазхром» жұмыскерлері үшін спорттық сындар осымен аяқталмайды. Келесі жарыс- Еуразиялық Топтың спартакиадасы.

 

-Дөң кен-байыту комбинаты, Ақсу мен Ақтөбе ферроқорытпау зауыттары, «Қазмарганец» кен басқармасы мен «Марганец Жәйрем» барлықтарыңыз бір-біріңізбен бәсекелестіңіздер. Ал бір жылдан кейін сіздер Еуразиаттық спорттық ойындарға қатысасыздар, сол жерде «Қазхром» намысын жоғары деңгейде қорғасыздар деген сенім мол,-деп жеткізді ERG-дің бас директоры қызметкерлер және мәдениет жөніндегі орынбасары Ақмарал НАЙЗАБЕКОВА.

 

Үш күндік жарыс қорытындысы бойынша алаң қожайындары Ақсу ферроқорытпа зауытының жұмысшылары біріншіліктің бас жүлдесін алды, екінші орында– Ақтөбе ферроқорытпа зауыты және үшінші орынды ДөңТКБК командасы жеңіп алды.Алаң қожайындары Ақсу ферроқорытпа зауыты «Қазхром» спорттық ойындарын жоғары деңгейде ұйымдастырып ауқымды іс-шараны өткізу мәртебесін енді Ақтөбелік әріптестеріне ұсынды. Келер жылы барша «қазхромдықтар» Батыс өңірде шеберлік байқасатын болады.