• Басты бет
  • Спорт
  • Ақсуда футзалдан «ЕЭК» АҚ Президенті кубогы үшін балалар турнирі өтті

Ақсуда футзалдан «ЕЭК» АҚ Президенті кубогы үшін балалар турнирі өтті

 

 

ҚР Тәуелсіздік күніне арналған «Еуроазиаттық энергетикалық корпорациясы» АҚ президентінің кубогы үшін жасөспірімдер арасындағы футзалдан дәстүрлі жарыс осымен 10-рет ұйымдастырылып отыр. Дүбірлі додаға Ақсу қаласының мектеп құрамалары мен аула командалары қатысты. Балалар үшін бұл тағатсыздана күтетін, сүйікті сайыс. 10 ұжымның барлығы сақадай сай дайындықпен келген.

 

- Жылда өткізілетін турнир. «ЕЭК» АҚ үлкен алғысымызды білдіреміз. Балалар осы жарысты жыл сайын тосып отырады, керемет сыйлықтарымен, ақшалай сыйақыларымен. Өте керемет турнир. Командаларға да рахмет. Жыл сайын қатысушылар саны арта берсін. Келер жылы, Ақсу ауылдық аймағынан да командаларды шақырғымыз келеді, -деп жеткізді жарыстың бас төрешіссі Жанат Ақтанов.

 

Үшінші жүлделі орын үшін матчта Ы.Алтынсарин атындағы мектеп құрамасы, №7 білім ордасының командасымен кездесіп, 6:2 есебімен жеңіске жетті. Ал финалдық матч нағыз триллерге айналды. Ақтық кезеңде өткен жылғы чемпиондар Абай атындағы мектеп пен №8 білім ордасының командасы мықты бәсеке көрсетті. Спортзалдағы жанкүйерлер қолдауы мен тартысты кездесудегі көңіл-күй Қатардағы әлем чемпионаты атмосферасынан еш кем емес. Үлкен футболдағыдай, эмоциялар үшін қызыл қағаздар көрсетіліп, ойын әдемі голдармен ұласты. Нәтижесінде №8 мектеп командасы 5:3 есебімен жеңіске жетіп, «Еуроазиаттық энергетикалық корпорациясы» АҚ президенті кубогына ие болды.

 

-Бұл жүлдеге қол жеткізу үшін үлкен еңбек атқарылды. Іріктеу кезеңінен сүрінбей өтіп, жартылай финалда да жеңіске жеттік. Ақтық кезеңде 2-ші мектеп құрамасымен кездестік. Көптеген қателіктерге қарамастан, мінез көрсетіп, жеңісті жұлып алдық деуге болады,-деді жарыс жеңімпазы Батырхан Иманбаев.

 

-Финалда басты қарсыласымызбен кездестік. Өткен жылы ақтық кезеңде осы командаға жеңілген едік. Ол кезде біздің құрама жоғары деңгейде емес еді, біз дайындалып, биыл олардан басым түсу мақсатын қойдық, чемпион атануды армандадық. Өте қиын болды. Бірақ, дегенімізге жеттік,-дейді жарыстың өзге жеңімпазы Артем Носиков.

 

«Еуразиаттық энергетикалық корпорациясы» АҚ демеушілігімен жарыс жеңімпаздары ғана емес, барлық қатысушыларға ақшалай сыйлықтар мен дипломдар табысталды. Сонымен қатар турнирдің үздік ойыншыларына жеке номианциялар бойынша жүлделер берілді.

 

Дархан Бекишев