"Ертіс" елордалық "SD Family" командасын ойсырата жеңді

Бірінші лиганың 23-ші туры аясында «Ертіс» сырт алаңда астаналық «SD Family» командасын ірі есеппен жеңді. Кездесу Қарағанды қаласында өткен болатын

29-ші минутта Тамерлан Агиманов есепті бірінші болып ашады. Алайда, елордалықтар есепті теңестіріп қана қоймай, алға шығады. Бірінші тайм қорытындысы бойынша павлодарлықтар 2:1 нәтижесімен жеңіліп жатады. Соған қарамастан жігіттер қайсар мінез көрсете біледі.

Алаңға екінші таймда қосылған Еркебұлан Тұңғышбаев 10 минуттың ішінде покер жасап, төрт голымен жеңісті нәтижеге елеулі әсер етеді. Сонымен қатар Нұрымбет алыстан дәлме-дәл соққы жасап, көзге түседі. Кездесудің соңғы минуттарында Тұңғышбаев бесінші голын соғып, пента-трик тіркеп, жанкүйерлерді қуантады. Осылайша, сырт алаңдағы матчта «Ертіс» 2:7 ірі есебімен жеңіске жетті.

Келесі матчты «Ертіс» 3 қазан күні Павлодарда өткізіп, алматылық «Хан-Тәңірі» клубымен шеберлік байқасады.

фото: "Ертіс" ФК