Футбол орталықтары жұмысын бастады

Енді Павлодарлық футбол таланттарын іздестіру «Жұлдыз» орталығының негізгі жұмысы. Бұл ретте қаламыздың үздік жаттықтырушылары  мен 7-ден 18 жасқа дейінгі жасөспірім аяқдопшылары жаңадан құрылған ұйымға ауысты. «Ertis» футбол клубы Премьер-Лигадан шыққан сәтте, оның қарамағындағы футбол орталығы да жұмысын тоқтатқан еді. Барлық бапкерлер алдында қарыздар толықтай қайтарылып, қазір олар жаңартылудан өтті деуге болады.

 

- Жаттықтырушылар өткенді ұмытып, жаңа орталықтың жұмысына үлкен ынтамен кірісіп кетті. Бапкер ретінде өз-өздерін және жас футболшыларды дамыту қазір басты назарда. Көңіл күйлері жақсы. Жаңа белестерді бағындыруға дайын, - дейді «Жұлдыз» футбол орталығының директоры Бауыржан Сағындық.

 

Футбол орталығы лицей мектептері іспеттес, өз қатарына ең үздік деген оқушыларды сұрыптап алады. Ал ұйым тәрбиеленушілері ақысыз жаттығып, ел чемпионатарына қатысады. Қазіргі таңда орталықта 600-ге жуық бала бар. Бұл ретте, аяқдопшыларды карантиннен кейін қалыпқа келтіруге байланысты жаттығулар аптасына екі-ақ рет өткізілуде. Орталық сапындағы қыздар топтары да дайындықтарын жалғастырады. Жақын арада 2009-2010 жылғы қыз балалар арасында іріктеу жұмыстарын өткізу жоспарлануда.