• Басты бет
  • Спорт
  • Футболдан Павлодар намысын қандай команда қорғайтыны белгісіз

Футболдан Павлодар намысын қандай команда қорғайтыны белгісіз

Сәуір айында жаңадан құрылған «Pavlodar» клубы Екінші Лигадағы ойындарын бастауды жоспарлаған. Бірақ, команданы тіркеу барысында, кәсіпқой футбол лигасы қаламыздың намысын қорғайтын ұжымды қабылдамай, ұйым басшылығына ресми құжатпен себебін түсіндіреді. Белгілі болғандай, бұл шешімге «Ертіс» алдындағы қарыздың бар болуы және команданың спорттық емес себептерге байланысты чемпионаттан бас тартуы негіз болған екен. Сондықтан футбол шенеуніктері павлодарлық клубтарды тіркеуге мораторий енгізген.

 

- Біз үшін бұл мүлдем күтпеген хабар болды. Қазір тығырықтан шығу мәселесін қарастырып жатырмыз. Бірнеше мүмкіндіктер әлі де бар. Қалай дегенмен, ұжым біріншілікке қатысады. Бірақ команда қалай аталады, кімнің атынан өнер көрсетеді, әзірге белгісіз, - деді «Pavlodar» ФК директоры Александр Гончаренко.

 

Кәсіпқой лига Павлодар қаласынан жаңа футбол командасын тіркеуге үзілді-кесілді қарсы, енді 2 ай бойы оқу-жаттығу жиындарын өткізіп, чемпионатқа дайындалған жас аяқдопшыларды сайысқа қатыстыру тетіктері қарастырылуда. Клуб басшылығы, команда міндетті түрді біріншілікке қатысады деп уәде берді. Бірақ, әлі күнге дейін ешкіммен еңбек келісімін жасасқан емес. Бұл ретте, «Pavlodar» деп ойластырылған ұжым, «Ақсудың» қосалқы командасы ретінде тіркелуі әбден мүмкін.

 

- Ештеңеге қарамастан команда жұмыс істеп жатыр. Әркім өз ісімен айналысып жүр. Олар алаңда, ал біз оның сыртындағы мәселеге жауаптымыз. Қобалжуға себеп жоқ, - деді Александр Гончаренко.

 

Айту керек, «Pavlodar» клубы демалыс күндері «Екібастұзға» қарсы жолдастық матч өткізіп, 2:3 есебімен жеңіліс тапқан еді. Ал Екінші лига матчтары сәуір айының соңы басталады деп жоспарлануда.