• Басты бет
  • Спорт
  • Инновациялық Еуразия университетінде шахматтан «INEU CUP» дүбірлі додасы өтті

Инновациялық Еуразия университетінде шахматтан «INEU CUP» дүбірлі додасы өтті

 

Зияткерлік жарыс аясында Инновациялық Еуразия университетінің оқу грантын жеңіп алу мүмкін болды. Үздіктерді жылдам ойналатын шахмат түрі аясында анықталды деп хабарлайды irbistv.kz тілшісі.

 

Павлодарда талай дарындарды тәрбиелеген шахмат академиясы өзінің мерейтойын Инновациялық Еуразия университетінің қолдауымен жоғары деңгейде атап өтті. Альма матер қабырғасында зияткерлік турнир ұйымдастырылды. «INEU CUP» бірегей додасының арқасында дарынды жастар университеттің оқу грантын жеңу құқығына ие болды.

 

- Біздің университет пен шахмат федерациясы арасындағы өзара серіктестік бар екендігі біз үшін аса қымбат. Бұның арқасында осындай турнир ұйымдастыру мүмкін. Зияткерлік жарыс арқасында түрлі жастағы спортшылардың басын қостық. Бұл кез келген сайыста бола бермейді,-деді Инновациялық Еуразия университетінің проректоры Амангелді Бейсембаев.

 

«INEU CUP» турниріне бүкіл облыстан 120 зияткер қатысты. Ең кішкентайына 8 жас, ал ең үлкені 81-де екен. Мысалы, 9 жастағы Екатерина Гончарова шахмат академиясында білім алып жүргеніне 2 жыл болса да, спортта жетістіктерге қол жеткізіп үлгерген. Нәтижесінде бұл турнирде жүлделі орындардан дәмелі. Сайысқа іштей ғана емес, сырттай да дайындалып, көпшілікті шахмат ханшайымы образымен таң қалдырды.

 

- Бұл кейіп маған өте қатты ұнайды. Алдында жарыстарға осылай киініп, қатыстым. Шахмат турнирлеріне басқа қатысушылар да әдемі костюмдерін киіп, келгендіктерін қалаймын. Бұны жақсы сәнге айналдыруға болады,-дейді жарысқа қатысушы Екатерина Гончарова.

 

«INEU CUP» зияткерлік додасы жылдам шахмат тәртібі бойынша ұйымдастырылды. Жүлделі орындар үшін А және Б топтарында күресті. Әрине, бірінші санатта тәжірибелі, рейтингтері жоғары спортшылар сайысқа түскен еді.

 

- Рейтинг 1600 және одан жоғары болу керек. А тобында рейтингті көтеру үшін де күрес болады. Бұл қосымша жетістіктер деп айтуға келеді. Екінші турнирге рейтингтері бар және тәжірибе, санаттары жоқ зияткерлер араласып қатысады. Негізгі бөлігі балалар, біздің Шахмат үйінің жас тәрбиеленушілері бар,-деді турнир директоры Виктор Казаков.

 

«INEU CUP» зияткерлік турнирі ай сайын ұйымдастырылып отырады. Келесі сайысқа С тобын қосу жоспарда бар. Оған Инновациялық Еуразия университетінің студенттері қатысып, бағын сынайды. Ал алғашқы рет өткізілген сайыс қорытындысы бойынша Владимир Шичкин А тобында, ал Ділназ Наурызбаева Б тобында үздік болып танылды.