• Басты бет
  • Спорт
  • Павлодар облысының белді спортшылары өзге аймақ атынан өнер көрсетуге мәжбүр

Павлодар облысының белді спортшылары өзге аймақ атынан өнер көрсетуге мәжбүр

 

 

Өңірдің белді спортшылары, халықаралық жарыстарда өзге аймақтардың намысын қорғауда. Бұндай проблеманың бар екендігін өңірлік басқармада да мойындап отыр. Спортта үміт ақтайтын деген қыз-ұлдарымызға, бас тарта алмайтын ұсыныстар мен жағдайлар жасайды дейді.

 

Ақсулық дзюдошы Зарина Байбатина Атырау намысын қорғап, паралимпиаданың вице чемпионы атанды, павлодарлық жүзуші Аделайда Пчелинцева Шымкент қарамағында Ислам ойындарында 4 жүлдеге ие болған, ал ММА бойынша өнер көрсететін тағы бір жерлесіміз Алик Домнич Астана құрамасы сапында жақында ғана әлем чемпионатының қола медалін иеленген еді. Өзге аймақтарға ауысып жатқан дарындарымыз әлі де аз емес.

 

-Біз жоғары дәрежеде топ жарған жерлестерімізге ұсынатын 345 мың теңгелік ай сайынғы төлем бірқатар спортшылар үшін аз дейді. Басқа өңірлерде оларға тегін баспана, қомақты жалақы, мамандығы бойынша жұмысқа орналастыру сияқты ұсыныстар жасайды. Алайда, спортшы бір рет нәтиже көрсете алмай қалса, барлық келісім жойылып, олар қайтадан Павлодар өңірі қарамағына келуді қалайды. Олай жасаған да дұрыс емес. Өкінішке орай өзге аймақ қарамағына ауысу деген мәселе бар, барлық спорт түрлері бойынша,-деді Павлодар облысы дене шынықтыру және спорт басқармасы басшысының орынбасары Нұрлан Есембаев.

 

Өкінішке орай, тәрбиелеп, баптаған спортшыларымызды ұстап қалу мүмкін болмай тұр. Өзге облыстар бюджеттен тыс қаражат іздестіріп, тиімді ұсыныстар жасайды екен. Әзірге спорт шенеуніктер бұл бағытта жұмыс жүргізіп, шешу амалдарын қарастыруда. Жалпы облыста дене шынықтырумен және спортпен жүйелі түрде 282 532 адам айналысады екен.