• Басты бет
  • Спорт
  • Павлодар облысының спортшылары «Зеленая роща» шаңғы базасының жағдайын сынға алды

Павлодар облысының спортшылары «Зеленая роща» шаңғы базасының жағдайын сынға алды

«Зеленая роща» шаңғы базасында Павлодар облысының құрамасы ел және халықаралық чемпионаттарға дайындалады. Бүгінде спорттық құрылымның жағдайы көңіл көншітпейді. Бұған қарамастан, бапкерлер жоғары дәрежелі спортшыларды дайындаумен айналысуда.

Павлодарлық шаңғышы жасөспірімдер әлем чемпионатының жүлдегері атанды. Бүгінде «Зеленая роща» спорттық базасы Елизавета Толмачеваны және Сабина Сүлейменованы қарсы алды.

-Әрбір жарыста соңына дейін күресуге тырысасын. Бапкерлеріме алғысым шексіз. Ел намысын халықаралық деңгейде қорғап жүрміз,-дейді әлем чемпионатының күміс жүлдегері Елизавета Толмачева.

-Қыздардың жоғары нәтижесін көріп, ерекше сезімге бөленесін. Сабина Сүлейменова және Елизавета Толмачева шаңғы роллер бойынша әлем чемпионатына қатысты. Қазақстан тарихында бұл спорт бойынша жүлделі орын болып көрмеген,-деді ҚР еңбегі сіңген жаттықтырушы Александр Курсаков.

Алайда, соңғы кездері халықаралық дәрежедегі спортшылардың дайындығы қиындай түсті. Бұрын ел бойынша танымалдылыққа ие болған «Зеленая роща» шаңғы базасының жағдайы нашарлады. Шұрқ тесік асфальттан бөлек, мұнда есірткі орамдарын қалдырушыларды кездесуге болады.

-Мұнда шаңғымен келе жатқанда сол адамдарды талай кездестіресін. Олар жас. Ешкімнен қорықпай есірткі орамдарын қалдырып отырады. Бұл өте қауіпті, -деп мәлім етті Олег Николашин.

Аймағымыздың үздік шаңғышылары спорттық базаның жағдайын сынға алуда. Мұнда әрдайым жарақат алып отырады екен. Қажетті жылдамдықпен жүру де мүмкін емес.

-Аталмыш базаға барғым келмейді. Жарақат алу қауіпі тым жоғары. Сондай-ақ, адамдар қаптап жүреді,-дейді Қазақстан құрамасының шаңғышысы Дарья Ряжко.

- «Зеленая роща» базасында бір жылдан аса болған жоқпын. Кейін келгенде мен оның жағдайына таң қалдым. Жастар спортпен айналыса алмайды. Щучинсктегі жол бізден қарағанда мың есе артық,-дейді Қазақстан құрамасының шаңғышысы Анна Шевченко.

Соңғы рет мұнда асфальт жөндеу жұмыстары 10 жыл бұрын орындалған. Спортшылар жолдан бөлек, жаңа киінетін орын сұрауда. Қыс мезгілінде көлікжайда киіну ыңғайсыз дейді олар.