• Басты бет
  • Спорт
  • Павлодар педагогикалық университетінің жүлде қоры тағы 15 марапатпен толықты

Павлодар педагогикалық университетінің жүлде қоры тағы 15 марапатпен толықты

Бүгінгінің басты қаһармандары бапкерлер құрамымен бірге оқу ордасы қабырғасында құттықталды. Республикалық дода еліміздің әр қалаларында өтті.

 

- Қыздарымыз бен жігіттеріміз 5 спорт түрі бойынша бақ сынап, 4 түрінен ешкімге дес бермей тұғыр биігіне көтерілді. Сіздер университет намысын абыроймен қорғадыңыздар. Алда оқуларыңызды сәтті тәмәмдап, биік шыңдарды бағындыра беріңіздер, - деді «Павлодар педагогикалық университеті» КЕАҚ басқарма төрағасы-ректор Жанбол Жилбаев. 

 

 

- Әр команда, әр студент және әр бапкер жоғарғы деңгей көрсетті. Ойын өте тартысты болды. Әр кезең сайын алғашқы орынға таласа білдік. Өкінішке орай бірінші орынға  ұпай сәл ғана жетпеді. Десе де лайықты бәсекелестік таныттық, - дейді ҚР Универсиадасының күміс жүлдегері Аружан Әбдіханова.

 

 

Универсиада спорттың 30 түрі бойынша өтті. Болашақ педагогтер пауэрлифтинг, бокс, қазақ күресі, тоғызқұмалақ, және әйелдер арасында еркін күрестен шеберліктерін паш етті. Соңғысы бойынша 1 күміс және 5 қола медаль.

 

- Дайындық уақыты көп болмады. 3 ай тыңғылықты жаттықтық. Карантинге байланысты жыл көлемінде дайындала алмадық. Дегенмен бұрымдылар университет намысын барын салып қорғады, - дейді әйелдер арасындағы еркін күрестен ППУ құрамасының жаттықтырушысы Жанар Усина.

 

 

Универсиада – туған ЖОО-ның ғана емес, бүкіл елдің беделін қорғау мәртебесі. Чемпиондар келесі жылы Қытайда өтетін дүниежүзілік жазғы ойындарда Қазақстанның намысын қорғайды. Үміткерлер тізімінде педагогикалық университеттің бірнеше студенті мен ең мықты деген қыздары да бар. Пауэрлифтинг бойынша ППУ спортшылары 2 алтын медаль еншіледі. 

 

- Қобалжу барлық спорт түрінде бар. Қолыңнан келмейтіндей және арқалаған үмітті ақтай алмай қалатындай сезім туындайды. Алайда, есімізді жинақтап, барымызды салдық. Алматы құрамасы жалпы командалық есеп бойынша бірінші орынды иеленді, - дейді ҚР Универсиадасының жеңімпазы Анастасия Журбина.

 

 

Павлодар педагогикалық университетінің құрамасы бас-аяғы 15 медаль еншіледі. Сондай-ақ, жалпы командалық есеппен қос мәрте вице-чемпион атанды. ЖОО студенттері 20 университеттің ішінен үздік ондықтың қатарында.