Павлодар жастары қалада үлкен скейт-парк салуды сұрауда

Олардың айтуынша, қазіргі алаңдар қауіпсіздік талаптарына сай келмейді, әрі кәсіби шеберлігін шыңдағысы келетін спортшылар үшін алаңның мүмкіндігі тым шектеулі деп хабарлайды irbistv.kz. Қазір қалада мұндай бар болғаны 4 телім бар екен.

 

Қаламыздағы алғашқы скейт-парктер шамамен 10 жыл бұрын пайда болды. Сол уақыттан бері көше экстремалды спорт түрлері белсенді дами бастады деуге болады. Бүгінгі таңда Павлодарда BMX-фристайлмен айналысуға болатын бар болғаны 4 алаң бар: жағалауда, №39 мектепте, балалар темір жолы ауданында және Гагарин саябағында. Соңғы нысандағы хафпайптар ең қатты тозғандардың бірі.

 

-Шығып тұрған ағаштар көп, шегелер мен бұрандалар көрініп тұр, барлық конструкцияларды біріктіретін темірлер де шығып кеткен. Әртүрлі тесіктер бар. Кез келген адамға, мейлі самокат тебуші болсын, скейтер болсын, бір жерге ілініп қалу өте оңай, - дейді BMX-райдер Никита Анищенко.

 

Қалада BMX-фристайлмен айналысатын шамамен 20 спортшы бар.Жарақат қаупіне қарамастан, жастар шеберліктерін шыңдаудың кез келген мүмкіндігін іздейді. Олардың көбі үлкен спорттық мансап құрып, Қазақстанды әлемдік аренада танытуды армандайды.

 

-Біз қалада BMX райдерлеріне де, самокат тебушілерге де, скейтерлерге де ыңғайлы үлкен алаң болғанын қалар едік. Экстремалды спорт түрлері бізде әрі қарай дами бергенін қалаймыз. Жалпы, BMX-фристайл — олимпиадалық спорт түрі. Барлығы жарыстарға қатысады. Бірақ Қазақстанда бұл көбіне Алматы мен Астана сияқты ірі қалаларда дамыған. Павлодарда өткен жылы әуесқойлар жарысы өтті, бірақ ірі деңгейдегі турнирлер ұйымдастырылмайды, - дейді BMX-райдер Герман Сосновцев.

 

BMX-райдерлердің айтуынша, мемлекеттен олар көп нәрсе сұрамайды — тек лайықты инфрақұрылым қажет. Мүмкін дәл Павлодардың саябақтарында болашақ олимпиада чемпионы өсіп жатқан шығар. Ал әкімдік қазіргі скейт-алаңдардың жағдайы расында нашар екенін мойындады.

 

-Пайдалану барысында кейбір нысандарда конструкция элементтері мен жабындарының тозуы анықталды. Бүгінде спорт бөлімі жобалық-сметалық құжаттаманы дайындады. Осы жылдың маусым айында барлық элементтерді қалпына келтіре отырып, ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізіледі, - деп мәлімдеді Павлодар қаласы әкімі баспасөз қызметінің басшысы Мақпал Қаржаубай.

 

Ал спортшылар фигураларды орналастыру кезінде өздерін кеңесші ретінде тартуды сұрайды. Жөндеу жұмыстарының нақты қашан аяқталатынын шенеуніктер айтпады. Ал жаңа скейт-парк салу мәселесі әзірге қарастырылып жатқан жоқ.