Павлодардағы жаңа футбол стадионы «Құлагер» ипподромы аумағында салынады
Бұл туралы облыс әкімі Асайын Байханов мәлім етті. Келер жылы жобалық-сметалық құжаттаманы дайындау жалғасын тауып, бұған қомақты қаражат бөлініп отыр деп хабарлайды irbistv.kz тілшісі.
Павлодарда үлкен форматтағы стадиондардың бәрі 20-шы ғасырдың ортасында салынған. Сондықтан жаңа аренаның бой көтеруін көпшілік тағатсыздана күтті. Кешенді «Спорт Сити» аумағындағы «Құлагер» ипподромының орнында салу шешімі қабылданған.
-Жаңа футбол стадионының құрылысын дәл сол ипподромның орнында жасау жоспарлануда. Себебі талап бойынша футбол стадионына жоқ дегенде 20 га жер керек. Қалада бұндай аумақ тек сол жерде ғана бар,-деді облыс әкімі Асайын Байханов орталық коммуникациялар қызметіндегі кездесуде.
Өңірлік экономика басқармасы ақпараты бойынша, 2026 жылы жаңа футбол стадионының жобалық-сметалық құжаттамасы дайындалып, бұған 657 миллион теңге жұмсалады. Айту керек, арена Премьер-Лигаға жолдама алған «Ертіс» командасының негізгі алаңына айналып, жаттығу мен балалар орталығының дайындығына да қажетті инфрақұрылыммен жабдықталады деп жоспарлануда.
