• Басты бет
  • Спорт
  • Павлодарда «ҚазМұнайГаз» спартакиадасының финалдық ойындары басталды

Павлодарда «ҚазМұнайГаз» спартакиадасының финалдық ойындары басталды

 

 

Дүбірлі дода Қазақстан мұнайының және мұнай-газ саласының негізін қалаушысы Қ.Сәтбаевтың 125 жылдық мерейтойларымен тұспа-тұс келді. Еліміздің жан-жағынан келген спортшыларды алаң иелері - «Павлодар мұнай-химия зауыты» қызметкерлері қарсы алуда дейді irbistv.kz тілшісі.

 

Павлодардағы «ҚазМұнайГаз» спартакиадасының финалдық кезеңіне компаниялар тобының ең үздіктері шыққан. Ашылу салтанатына ҚМГ аппарат басшысы Әлимұхаммед Құттұмұрат-ұлы қатысып спортшыларға сәттілік тіледі. Жалпы еліміздің жан-жағынан 650 адам келген. Олар спорттың 11 түрі бойынша шеберлік байқасады.

 

- Әрине бұл корпоративтік рухты көтеретін іс-шара. Барлық Қазақстан жиналып, мұнай өндірісі қызметкерлері бір-бірімен танысып, өзара байланыс артады. Спартакиада арқылы жастарға үлгі көрсетеміз, дені сау ұлт тәрбиелеуге үлесімізді қосамыз,-деді «ҚазМұнайГаз» спартакиадасының бас төрешісі Халиолла Бегенов.

 

Салауатты өмір салтын насихаттау, спортқа баулу және қызметкерлердің арасында өзара байланыс орнату мақсатында «ҚазМұнайГаз» жыл сайын өңірлерде еншілес ұйымдары қатысатын спартакиада өткізеді. Қазақстанның жан-жағынан келген әріптестерін «Павлодар мұнай-химия зауыты» қарсы алды.

 

- Жарыстың Павлодарда өтіп жатқаны қосымша күш-жігер береді. Басшылыққа үлкен рахмет. Нағыз спорт мерекесін ұйымдастырды. Дайындыққа барлық жағдай жасалды. Зауытымыздың намысын қорғаймыз,-деді «ПМХЗ» ЖШС мұнай өнімдерін компаундирлеу және тиеу өндірісінің тиеу эстакадасының басшысы, баскетбол командасы ойыншысы Қаныш Демесинов.

 

Ашылу күні жарыс командалық арқан тартысумен басталып кетті. Бәсеке жоғары деңгейде өтті. Айту керек, Павлодарды тоғыз спорт кешенінде ұйымдастырылған спартакиада тамыздың 14-не дейін жалғасады.