• Басты бет
  • Спорт
  • Павлодарда 2000 адам жаттығып жүрген мұз айдыны жұмыс істемейді

Павлодарда 2000 адам жаттығып жүрген мұз айдыны жұмыс істемейді

 

 

Спорттық кешеннің суыту қондырғысы істен шыққан. Бұл ретте, кәсіби командалар енді қайда барып жаттығатындарын білмейді дейді irbistv.kz тілшісі.

 

Қаламыздағы мұз сарайы бұған дейін бірнеше рет қысқа мерзімге жұмысын тоқтатқанымен бұл жолы жөндеудің қай уақытқа созылатыны беймәлім. Кәсіби спортшылар қазір далада шынығуға мәжбүр. «Ertis» ХК бас жаттықтырушысы Евгений Штайгер хоккейшілердің мұндай дайындығы нәтижеге сөзсіз әсер етеді дейді.

 

- Айдында дайындалайық десек мұз жоқ. Бұл мәселе жаңа аренада да бар. Маусым алдында дайындығымызды пысықтауымыз қажет қой. Осылай амалдап жаттығуға мәжбүрміз,-дейді «Ertis» ХК бас жаттықтырушысы Евгений Штайгер.

 

Ал спорт басқармасындағылар тоңазытқыштың бөлшегін сатып алғандарын жеткізді. Оған қоса суыту қондырғысын толық жаңарту жоспарланып отыр дейді.

 

- Бүгінде қондырғылардың істен шығу мәселесі бар екенін мойындау керек. Бұл тоңазытқышқа 20 жыл болған. Облыстық әкімдік жаңасын сатып алу үшін биыл қаражат бөлді. Қазіргі уақытта байқау жарияланды, сонымен қатар, жөндеу жұмыстры жасалуда,-деді Павлодар облысының дене шынықтыру, спорт және туризм басқармасы басшысы Даур Ерғабұлов.

 

Барар жері қалмаған дүйім жұрт «Спорт-Сити» кешенін жағалауға мәжбүр. Қазір айдынның әр минуты бос емес. Мұндағы жаттығу таңғы 6-дан түн жарымға дейін өтеді. Бұл ретте, жергілікті хоккей сүйер қауым қыркүйек айында әзірге бұл спорт түрін тамашалай алмайды.

 

Фото: Freepik.com