Павлодарда алғаш рет өнер қызметкерлері қазақ күресінен сынға түсті
Қазақ күресі турниріне Павлодар қалалары мен аудандарынан 30-дан астам палуан қатысты. Өнер барысы екі салмақ категориясында өтті. Ең жасы 18-де, ересегі 46 жаста. Олардың арасында кейбірі қазақ күресімен бала кезінен айналысқан. Бірқатар жарыста топ жарып жүрген азаматтар да баршылық.
- Қатысушылардың саны жалпы 32 қатысушы. Жеңіл салмақта 18 қатысушы және ауыр салмақта түйе палуанда 14 қатысушы. Және әр салмақ бойынша жүлде қоры, арнайы белбеу бар. Сондықтан ақшалай сыйлықтар бар. Осындай деңгейде өтіп жатыр,-дейді «Өнер барысы» турнирі ұйымдастырушысы.
Асаба, әнші, актер сынды өнер адамдары шараға қатысуға бірден тілек білдірген. Кілемде алдымен өгіз палуандар арасынан кіл мықтылар анықталды. Түйе палуандар арасында бәсекелестік жоғары болды. Өнер жұлдыздары өз өңірінің намысын қолдан бермеуге тырысты.
- Мен өзім 2003 жылғымын. Жасым 20 да. 82-ге дейінгі салмақ дәрежесіндемін. Өзім қазақша күреспен айналыспағанмын. Бірақ күрестің басқа түрімен айналысқанмын. Өнер адамдары мүлдем басқа бағыт болғандықтан, бұл өте қиын, өте көп дайындықты қажет етеді. Кезінде аталарымыз күреске шықты ғой. Балуан Шолақ, Иманжүсіп бір жағынан әнші болса, бір жағынан палуан. Солардың жолын қуып, ізін басып біз де шығып келе жатырмыз,-деді Тілеген Біләл «Өнер барысы» қатысушысы (Екібастұз қаласы).
- Кілемге шыққандардың барлығы бала кезінен айналысқандар, қазақ күресінің дәмін татып көргендер деп айтсақ болады. Ұлттық спорт ретінде өзін үшін де айналысу өте пайдалы негізі. Кім мықты, кіл мықтыны боз кілем анықтайды деген ойдамыз. Өнерге әркімнің ақ бар таласы дегендей бүгін сол бақ сынауға келіп қалдық,- деді Алтынбек Жұмадиров «Өнер барысы» қатысушысы (Шарбақты ауданы).
Ептілігімен көзге түскен палуандар нағыз спортшыдай өнер көрсетті. Боз кілемге шыққан қатысушылар арасында қызу тартыс болды. Топ жарған палуандар арнайы сыйақы мен белбеуге ие болды. Айта кету керек, «Өнер барысы» облыстық деңгейде алғаш рет өткізіліп отыр. Алда оны тұрақты сайыс етуді жоспарлауда.