Павлодарда биыл 24 мұз айдыны қолданысқа берілмек
Күз мезгілінің соңғы айы жылы болғандықтан, ауладағы коньки және хоккей маусымы сәл кештеу басталады. Аязды күндерге байланысты қазір барлық ойын-сауықтыру кешендерінде мұз құю шарасы белсенді жүріп жатыр деп хабарлайды irbistv.kz тілшісі.
Назарбаев даңғылындағы 6/3 мекенжайындағы спорт нысаны ерекше сұранысқа ие. Жыл сайын қыс мезгілінде мұнда балалар хоккейдің қыр-сырын меңгерсе, кешкі уақытта ересектер нағыз ерлер спортымен шұғылданады. Жуырда мұнда мұз құю шарасы қолға алынды. Мамандардың айтуынша, маусым ауа райына байланысты кештеу басталды.
-Орталық саябақта, Гагарин паркі, сосын орталық әкімдік жанындағы алаңда мұз айдыны құйылады. Сосын қала бойынша әр аулаларда мұз айдындары орнатылған. Солардың бәріне мұз құйылады. Қазір енді ауа райының суытқанына байланысты осы айдың 20-сына дейін аяқтаймыз. Жұмасына 3-4 рет, одан кейін жұмасына 1-2 рет мұзды түзету үшін сондай жұмыстар жүргізіледі,-деді «Балалар мен жасөспірімдер спорт орталығы» КММ спорт алаңдарының меңгерушісі Еркін Макешов.
Сонымен қатар, мұз айдыны Павлодар ауылында да құйылады. Айта кетсек, аула ішіндегі спорт нысандарында конькиді жалға алу тегін болмақ. Барлығы жастардың қысқы спорт түрлеріне қызығушылығын көтеру мақсатында.
