Павлодарда бокстан Қазақстан чемпионаты өтуде

Павлодар облысында үлкен спорт думаны. Біздің өңірімізге Қазақстанның бокстан чемпионатын өткізу мәртебесі бұйырды. Біздің аймаққа еліміздің үздік қолғап шеберлері жиналып, өзара мықтыларды анықтайтын болады. “Баянтау” спорт кешеніндегі жекпе-жектер 9 күн бойы жалғасады. Додаға еліміздің барлық өңірінен келген 200-ге жуық спортшы бар. Олардың қатарында алаң қожайындарына үлкен сенім артылуда.

 

-Біздің команда өте мықты жігіттерден жинақталған. Әрбіреуі үлкен жүлделерге қол жеткізуге лайықты. Солардың қатарында Сабыр Ерболат, Бахтияр Смағұлов, Қуан Қуатов, Аятолла Тәкежанов сынды бетке ұстар споршыларымыз бар. Оларға үміт артамыз. Дегенмен, барлығы рингте шешіледі,-деді Павлодар облысы бокс федерациясының басшысы Азамат Мақажанов.

 

Павлодардағы ауқымды жарысқа келген боксшылар қатарында еліміздің намысын халықаралық деңгейде қорғап жүрген, танымал отандастарымыз бар. Солардың қатарында маңғыстаулық Санатәлі Төлтаев бар. Спортшы Қазақстан чемпионатына биыл 3-ші рет қатысып, тек биіктен көрінгісі келеді.

 

-Алғашқы кездесулер, бейімделу іспеттес өтті. Қарсылас осал емес. Жамбыл облысынан. Әр өңірдің боксшылары бабында келді десе де болады,-дейді Санатәлі Төлтаев.

 

Бокстан Қазақстан чемпионаты жекпе-жектерін тамашалау үшін «Баянтау» кешеніндегі есік ашық. Келушілер тегін тамашала алады. Финалдық кездесулер желтоқсанның 9-і өтеді.