• Басты бет
  • Спорт
  • Павлодарда мектеп оқушыларының ата-аналары арасында волейболдан жарыс басталды

Павлодарда мектеп оқушыларының ата-аналары арасында волейболдан жарыс басталды

Павлодар қаласы білім беру бөлімі ұйытқы болуымен, мектеп оқушыларының ата-аналары арасында волейболдан жарыс бірінші рет өтіп, бірден жоғары бағаланды. Бастамаға үлкен жауапкершілікпен ат салысып, додаға 30 құрама қатысуға ниет білдірді. Әр кездесу тартысты өтіп, балалар әке-шешесіне үлкен қолдау көрсетуде.

 

-Ұсыныс түскенде қуана қабылдадық. Өйткені бұндай біздің тәжірибеде ешқашан болған емес. Бірінші рет ұйымдастырылып отыр, алдында жаттығуға бардық. Сол кезде ата-аналармен таныстық. Жақсы өтіп жатыр. Жиі болсын деген тілегіміз бар,-деді Малайсары атындағы ЖОББМ құрамасының ойыншысы Жамбыл Нығмет.

 

Ұжымдардың көп болғандығы сонша, төрешілер барлығын 6 топқа бөлді. Екі ай бойы ата-аналар өзара мықты құраманы анықтайтын болады.

 

-Мектеп оқушыларының ата-аналары бұл идеяға үлкен қызығушылық білдіріп, дайындықтарға уақытында келіп, керемет қолдау көрсетті. Әрине, арасында воллейболмен айналысқандар да табылды. Бұдан жарыс тек қыза түсті,-деп жеткізді жарыстың бас төрешісі Мейрам Сқақов.

 

Наурыз айында іріктеуден өткен 12 команда жарысты плей-офф кезеңінде жалғастырады. Әрбір мектеп өкілдері жеңістен дәмелі, сондықтан ойындардан бөлек, күнделікті жаттығу жұмыстарына да назар салуда.