Павлодарда спорт музейі ашылады

Жәдігерлердің ең көнесі 1940 жылдан басталады. Ішіндегі құндысы - Қажымұқан Мұңайтпасұлының 32 келілік кір тасы. Пішіні сәл өзгелеу.  Қазақтың мақтанышы, әрі ұлы палуан салмақты зіл темірді кезінде Баянауылдық спортшыға сыйлапты. Музей экспозициясындағы шаңғылар мен конькилерді байқап-ақ өңіріміздегі қысқы спорттың айтарлықтай деңгейде болғанын аңғардық.Тіпті өткен ғасырдан бастап осы кезге дейінгі 4 жылда бір келетін дүбірлі додалардың естеліктері бар. Мамандар қорды толықтыру қарқынды жүруде дейді.

 

- Әр секция белгілі бір спорт түріне бөлінген. Бұл арқылы біз Қазақстандағы және Павлодар өңіріндегі осы спорт түрлерінің даму кезеңін, сонымен қатар чемпиондарымызды  біле аламыз. Көбіне ақ-қара өңдегі фотоларды жинауды жөн санаймыз. Экспонаттарға келсек оларды музейге әкелу өте қиын. Себебі бұлар кей жандар үшін ыстық естелік, - деді облыстық спорт-интернат басшысының орынбасары Марал Ахметова.

 

Келушілерге 3 зал жұмыс жасамақ. Негізгілері олимпиадалық спорт жайлы қызықты деректерден сыр шертеді. Футболшыларға да жеке зал ашылады. Алғашқы көрмені барлық санитарлық талаптарды сақтай отыра ақпанның 26-жұлдызында ашпақ.