• Басты бет
  • Спорт
  • Павлодарда «Ертіс» футбол клубын марапаттау рәсімі өтті

Павлодарда «Ертіс» футбол клубын марапаттау рәсімі өтті

 

 

Орталық жағалаудағы «Еrtis Promenade» сахнасында командаға Екінші Лиганың чемпиондық медальдері салтанатты түрде табысталды дейді irbistv.kz тілшісі.

 

18 жеңіс, 2 тең ойын және 2 жеңіліс, жалпы қарсылас қақпасына 70 гол соғылған. Аталмыш статистика арқасында «Ертіс» футбол клубы Екінші лигада чемпион атанды. Әрине, қазақстандағы ең жүлделі команда тек жоғары дивизиондағы жетістіктермен мақтануға лайықты. Алайда, былтыр клубтың мүлдем жоқ болғанын ескерсе, биылғы нәтиже қуантарлық жағдай. Бұны тәжірибелі форвард Тимур Байжанов та атап өтті.

 

- Бір жыл бұрын «Ертіс» футбол клубы жоқ еді. Ал қазір бір орталық алаңда тұрып, бірге чемпиондықты тойлап жатырмыз. Сондықтан клубты жандандырған облыс әкіміне, тек жергілікті ойыншыларға сенім артқан команда басшылығына және қолдау көрсеткен жанкүйерлерімізге алғыс айтамын. Бұл барлығымызға ортақ жеңіс,-деді «Ертіс» ФК капитаны Тимур Байжанов.

 

Қазақстан футбол лигасының президенті Ғани Қайназаров «Ертіс» футболшылары мен жаттықтырушыларына алтын медальдерді табыстады. Салтанатты шараға барша павлодарлық жанкүйерлер жиналды. Солардың қатарында аймақ басшысы Асайын Байханов та болды.

 

Чемпиондық концерт футболшылардың жанкүйерлермен фотоға түсуімен, сұхбат құрып, жеңісті бірге тойлауымен жалғасын тапты. Айту керек, биыл «Ертіс» клубының матчтарына орталық стадионға 40 мыңнан аса адам жиналған екен.