• Басты бет
  • Спорт
  • Павлодарда үстел теннисі орталығының құрылысы аяқталуға жақын

Павлодарда үстел теннисі орталығының құрылысы аяқталуға жақын

Павлодарлық спортшылардың сүйікті мекені «Баянтау» кешенінің дәл қасында осындай керемет жаңа орталық бой көтерді. Жаңа нысан тек бір бағыт, үстел теннисіне арнайы жабдықталған. Екі қабатты ғимараттың ішінде терафлексті жабын төселіп, бұл спортты түріне қажетті дүниенің барлығы ойластырылған. Қазіргі таңда құрылыс жұмыстары аяқталуға жақын. Орталық №2 олимпиадалық резерв мамандандырылған балалар-жасөспірімдер спорт мектебінің қарамағына кіреді.

- Нысан ішіндегі жұмыс 95%-ға аяқталды. Тек, желдету, сантехника жүйесі бойыншы біраз шаруа қалды. Ал сыртқы абаттандыру бойынша әлі бірқатар жұмыс бар. Біраз уақыт қажет. Асфальт төсеу, кеспе тастармен қоршау сынды жоспарларымыз бар, - деді №2 олимпиадалық резерв мамандандырылған балалар-жасөспірімдер спорт мектебінің басшысы Андрей Тарасов.

Айту керек, үстел теннисі орталығы жобасы мемлекеттік жеке меншік серіктестік аясында жүзеге асуда. Демеуші есебінен 1 млрд 200  мың теңге жұмсалған. Жалпы 12 үстелі бар. Көрермендерге арналған 200 орындық трибуна да ескерілген. Бірегей спорт нысаны арқасында Павлодар ірі халықаралық жарыстарды қабылдай алады, себебі теннис залы барлық әлемдік стандарттарға сай.

- Орталық жан басына шаққандағы қаржыландыру бойынша жұмыс жасап жатқан жеке меншік спорт секцияларына да беріледі. Барлығы кесте бойынша кезекпен жаттығу жүргізеді. Бұдан  бөлек, мүмкіндігі шектеулі спортшыларға да дайындық жүргізуге барлық жағдай жасалған. Әрбір павлодарлыққа қолжетімді орталыққа айналады, - деді Андрей Тарасов.

Барлық құрылыс жұмыстары біткен соң, спорт ғимаратын тіркеу сияқты, заңгерлік міндеттер жасалады дейді спорт қызметкерлері. Белгіленген мерзім бойынша, орталық қазан айында толық іске қосылады деп күтілуде.