Павлодардың боксшы қыздары үздіктер қатарынан көрінді

Алматы қаласында өткен қыздар арасындағы бокстан ел чемпионатына барлық өңірлерден 300-ге жуық қатысушы жиналды. Павлодар аймағының намысын үздік деген 7 бойжеткен қорғап, оның 5-уі жүлделі орындарға ие болды. Бұл ретте,  Әнел Айткешева 46 келіде өзінің чемпиондық атағын қорғап қалды. Бір жылдық карантин бойжеткеннің сағын сындырмапты.

 

- Бізде бір жыл демалыс болды десек артық емес. Сондықтан жақсы дайындалдық. Павлодар облысының нәтижесі керемет. Өзім де Қазақстанның екі дүркін чемпионы атандым, - деді бокстан ҚР чемпионы Әнел Айткешева.

 

- 46 келі салмақта 3 кездесу өткізді. Бірінші қарсыласын асқан басымдықпен артта қалдырып, екіншісінде қызылордалық боксшымен кездесті. Тартысты жекпе-жекте тәжірибелі екендігін көрсете білді. Себебі өткен жылы да чемпион атанған еді. Ал финалда былтырғы қарсыласпен жұдырықтасып, қиын бәсекеде чемпиондық атағын сақтап қалды, - деді Павлодар облысының бокстан қыздар құрамасының аға жаттықтырушысы Марат Қырықбаев.

 

Сонымен қатар, өзге салмаққа ауысқан Милана Аюпова да алтын медальге қол жеткізді. Енді ол ел намысын әлем біріншілігінде қорғайды. Сонымен қатар Айдана Каденова, Алтынай Айжан және Хава Балкоева қола жүлдеге қол жеткізді. Айту керек, 3 дүркін Қазақстан чемпионы болған Хава осы жолы үздік нәтижеге жетпегенімен, ұлттық құраманың жаттығу жиындарына шақырылды. Бойжеткен Латвиядағы турнирде өзінің мықты екендігін дәлелдеуге міндетті болады.