• Басты бет
  • Спорт
  • Павлодардың жас футболшылары Қазақстан Кубогына ие болды

Павлодардың жас футболшылары Қазақстан Кубогына ие болды

Еліміздің футбол орталығы мен академиялары командалары арасындағы Қазақстан Кубогы жарысында, павлодарлық «Ақсу U19» іріктеу кезеңін сенімді өткізіп, Атыраудағы финалға сақадай сай дайындықпен кетті. Жерлестеріміз «Астана», «Атырау» мен «Қайсар» балаларын айқын басымдылықпен жеңіп, шешуші матчта шымкенттік «Ордабасымен» күш сынасты.

 

- Біз әрдайым матч алдында қарсыластарымызды қараймыз, зерттейміз. Осылайша матчқа дайын боламыз. «Ордабасыға» қарсы финал қиын болды. Алғашқы гол салып, сенімді әрекет еттік. Соңғы минутта тағы гол соғып, жеңіске жеттік. Осылайша, кубокты алып кеттік,-деді «Ақсу U19» командасы ойыншысы Ерасыл Сәрсембай.

 

Финалдың шешуші жекпе-жегінде павлодарлықтар «Ордабасыны» 2:0 есебімен жеңді. Осылайша, ең көп ұпай жинаған біздің футбол орталығы тәрбиеленушілері Кубок иегері атанды. Ұжым жетекшісінің айтуынша, бұл жетістікті өткен маусымдарда бастан өткен сәтсіздіктерсіз елестету мүмкін емес.

 

- Өткен маусымда бізге жүлегер атану үшін бірнәрсе жетіспеген еді. Сол кездегі қателіктер сабақ болды. 2005 -ші, 2004-ші жылғы балалар әжептәуір тәжірибе жинап, осы маусымда салмақты өнер көрсетіп, мақсатқа жету үшін кәсіби жауапкершілік танытты. Жігіттерге ырзамын. Жүлде үшін күресетін команда екендігін бірнеше рет дәлелдеп, нәтиже көрсете білдік,-дейді «Ақсу U19» командасы жаттықтырушысы Алексей Сорокин.

 

Алексей Сорокин шәкірттері биыл тарихи жетістіктерге қол жеткізді десе, еш артық айтпаймыз. 2004-2005 жылғы балалар көктемде республикалық «Арман» турнирінің жеңімпаздары атанып, жазда Қазақстан чемпионатында қола жүлделерге ие болып, облыс біріншілігінде Б дивизионында чемпион болып, ел Кубогын қанжығаларына байлап, маусымды жоғары деңгейде аяқтады. Бұндай жетістік өңір футбол күнтізбесінде бұрын соңды болған емес.