• Басты бет
  • Спорт
  • Павлодарлық «Ертіс» футболшылары «Жеңіспен» тең тарқасты

Павлодарлық «Ертіс» футболшылары «Жеңіспен» тең тарқасты

 

 

«Ертіс» футбол клубы Премьер-Лиганың кезекті турын Астанада «Жеңіс» командасына қарсы ойнады. Бұл кездесуде жеңімпаз анықталмады. Біздің жігіттер қақпаларына гол да өткізбеді. Осылайша, сырт алаңда бір ұпайға қол жеткізді деп хабарлайды irbistv.kz тілшісі.

 

«Ертіс» «Жеңіске» қарсы ойында жаңадан қосылған аяқдопшылардың барлығын тексерді. Маликайдар, Халматов пен Юденков негізгі құрамда шықса, екінші таймда Мұхаметжанов пен бразиялялық Рамос та қосылды. 65-минутта «Жеңіс» командасының қорғаушысы Зураб Тевзадзе тікелей қызыл қағаз алып, алаңнан қуылды. Соған қарамастан елордалықтар қақпасына доп кірмеді. «Ертіс» голкпері Мирас Рихарды Премьер Лигада дебют ойынын өткізіп, біздің қақпаға деген соққыларды қайтара білді. Қорытынды 0:0.

 

- Қорғаныста сапалы ойын көрсете білдік. Қарсылас қауіпті сәт ұйымдастырды, бірақ, голкипер қақпамызды сақтай білді. Өткен 5 ойында алғаш рет гол өткізбедік. Бұл дерек мені қуантады. Ал шабуылда нәтижелік жоқ. Бұны жақсартуымыз керек. Жұмыс жетеді,-деді «Ертіс» ФК бас бапкері Нұрбол Жұмасқалиев.

 

«Ертіс» 10 ұпаймен турнир кестесінде 14-орында қалды. Келесі турда Павлодар клубы қызылордалық «Қайсармен» кездеседі. Орталық стадиондағы матч жексенбі 28 маусым күні өтеді.