Павлодарлық боксшы Серік Теміржанов «Странджа кубогында» күміс жүлдегер атанды
Болгарияның София қаласында бокстан кіші әлем чемпионаты атанып кеткен «Странджа Кубогы» беделді халықаралық жарысы аяқталды. Додаға түскен жерлесіміз Серік Теміржанов ақтық кезеңге дейін жеткен деп хабарлайды irbistv.kz тілшісі.
Ерлер арасында 60 келі салмақта павлодарлық боксшы Серік Теміржанов финалға дейін жетіп, күміс жүлдені қанағат тұтты. Ол ақтық жекпе-жекте жергілікті боксшы Радослав Росеновтан айласын асыра алған жоқ. Дегенмен бірінші раунда айқын жеңіп, мықты бәсеке көрсете білді. Дей тұра, төрешілердің бағалары екіге бөлінгенімен, жеңіс алаң иесіне берілді.
Алдыңғы кезеңде, жерлесіміз ирландиялық боксшыны 5:0 есебімен тізе бүктірген еді.
Айту керек, байрақты дода аясында Қазақстан құрамасы үздік команда атанды. Ұлттық команданың еншісінде 5 алтын, 9 күміс және 4 қола медаль.
Фото: Қазақстан бокс федерациясы