• Басты бет
  • Спорт
  • Павлодарлық боксшы Серік Теміржанов Әлем Кубогы жарысын жеңіспен бастады

Павлодарлық боксшы Серік Теміржанов Әлем Кубогы жарысын жеңіспен бастады

 

 

Астанада бокстан әлем кубогы дүбірлі додасы өтіп жатыр. Сайысқа Қазақстан құрамасының жұлдызды спортшылары қатысуда деп хабарлайды irbistv.kz тілшісі.

 

60 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде павлодарлық Серік Теміржанов аустралиялық Джейкоб Касcармен кездесті. Бірінші раундта біздің жерлесіміз айқын басымдық танытып, барлық бес төрешіні мойындатты. Екінші раундта төрешілердің шешімі бөлінді, бұл кезең Кассардың пайдасына жазылды. Үшінші раундта да аустралиялық аздаған басымдық көрсеткенімен, жалпы есеп бойынша Серік Теміржанов 4:1 есебімен жеңіске жетіп, келесі кезеңге жолдама алды.

 

- Бірінші жекпе-жек қиын болады. Қарсылас та жақсы, жас бала. Ашық төбелеске жақын екен. Бірінші күні рингке денемізді үйреттік. Алғашқы раундта дистанцияны ұстандым, 5:0 ұттым. Кейін кішкене төбелесіп көрейін дедім, ол да ашық күреске шықты. Тактиканы ауыстырдым. Екінші раунд 3:2 қарсыласқа берілді. Сосын ағайлар айтты, бірінші раундтағы тактиканы ұстану керек деп. Аллаға шүкір солай жасадық,-деп кездесуден кейін пікір білдірді Теміржанов.

 

Осылайша, Серік Теміржанов турнирдің ширек финалына жолдама алып, жартылай финал үшін таласатын болады. Астанадағы бокстан әлем кубогы 6 шілдеге дейін жалғасады.

Фото: Қазақстан бокс федерациясы