• Басты бет
  • Спорт
  • Павлодарлық дзюдошы Таңжарық Момынтай Азия вице-чемпионы атанды

Павлодарлық дзюдошы Таңжарық Момынтай Азия вице-чемпионы атанды

 

 

Жерлесіміз Индонезия елінде өткен кадет жасындағы спортшылар арасындағы жарыста үздіктер қатарында көріне білді деп хабарлайды irbistv.kz тілшісі.

 

Таңжарық Момынтай Павлодардың ғана емес, Қазақстандық дзюдоның жас дарыны, сол себепті оған көп үміт артылады. Жерлесіміз үшін биылғы маусым олжалы болды. Палуан Ташкентте Азия кубогы додасында басты жүлде иегері атанды, кейін Алматыдағы Азия кубогы жарысында үшінші орын алған еді. Маусымның соңындағы кадеттер арасындағы Азия біріншілігі маңызды жарыс болды. Индонезияның Джакарта қаласында Павлодарлық дзюдошы финалға дейін жетіп, 60 келі салмақ дәрежесінде ұлттық құрамаға күміс медаль әкелді.

 

- Біраз жетпей қалды финалда. Бірінші жекпе-жек моңғолиялық спортшыны жеңдім. Үш ескертумен ұттым. Кейін Корея елінің палуанымен күресіп, аяғымды жарақаттадым. Финалда 100%-ға барымды сала алмадым. Екінші орын алып қалдым, барлығы Алланың қалауымен,-деп жеткізді Азия біріншілігінің вице-чемпионы Таңжарық Момынтай.

 

Ақтық кезеңде Таңжарық Момынтай өзбекстандық спортшыға есе жіберді. Айту керек, дәл осы қарсыласты Ташкенттегі финалда артта қалдырған болатын. Өзара кездесулердің есебі 1:1 дей отыра, жерлесіміз келесі жекпе-жектерде қателіктерді ескеретіндігін жеткізді. Осы күні Павлодарда қызу дайындық. Маусым аяқталғанымен алдағы жоспарлар жетерлік.