Павлодарлық Мунира Рау шахматтан Қазақстанның вице-чемпионы атанды
Назарбаев зияткерлік мектебінің оқушысы шахматтан ел чемпионатына қатысып, жоғары нәтиже көрсетті. Жерлестеріміз қоржынды 5 медальмен толықтырды деп хабарлайды irbistv.kz тілшісі.
Түркістаннан біздің қыздар 1 алтын, 2 күміс және сонша қола медаль алып келді. Жүлделі орындардың басым бөлігі Екібастұз шахматшыларына тиесілі. Ю-10 тобында рапид бойынша чемпион атанған — Зере Нарымбет, ал Азалия Балаканова блицте 3-орын алды. Осы тәртіптемеде ең үлкендер арасында Жания Науанова екінші болды. Ал «классикада» ол қола жүлдегер атанды. Павлодарлықтардан Мунира Рау — тұғырдың екінші сатысына көтерілген жалғыз спортшы.
- Негізі өз нәтижеме ризамын. Мен үш уақыт бақылауына да дайындалдым. Бірақ классикада әр қарсыласқа жеке дайындалдым, себебі менде бір күн болды, ал рапид екі күнге созылды. Негізінен есептер шештім және қарсыластарға да дайындалдым. Ал блицте бір күнде бірден 9 тур өтті,-деп жеткізді ҚР чемпионатының күміс жүлдегері Мунира Рау.
Павлодар облысының құрамасынан чемпионатқа 58 шахматшы қатысты. Ал ауқымды республикалық турнирде барлығы 1052 қатысушы ойнады. Жеңімпаздар FIDE қамқорлығымен өтетін барлық халықаралық жарыстарда — әлем және Азия біріншіліктерінде, сондай-ақ кубоктарда Қазақстанның атынан өнер көрсету құқығына ие болды.
