Павлодарлық жағалаудағы балалар бассейні жұмысын бастады
1 маусымнан бастап орталық жағалауда ашық аспан астындағы балалар бассейні жұмысын қайта бастады. Мұнда кішкентай келушілер үшін барлық жағдай жасалған деп хабарлайды irbistv.kz. Коммуналдық қызмет мамандары қажетті инфрақұрылымды ретке келтіріп, қауіпсіз демалысқа да ерекше көңіл бөлінген Бассейнге кіру тегін, алайда ол үшін алдын ала жазылу қажет.
Балалардың күлкісі, судағы ойындар және жаз бойы көтеріңкі көңіл күйі. Жағалаудағы бұл ашық бассейн қазірдің өзінде кішкентай павлодарлықтардың ең сүйікті демалыс орындарының біріне айналды.
-Жұмыс тәртібі күн сайын сағат 09:00-ден 21:00-ге дейін. Дүйсенбі, санитарлық күн. Келушілердің қауіпсіздігі үшін нұсқаушы-құтқарушылар жұмыс істейді. Бассейнді санитарлық тазалау күн сайын таңғы 07:00-ден 09:00-ге дейін жүргізіледі. Нысанның сақталуын қамтамасыз ету мақсатында тәулік бойы күзет ұйымдастырылған, - деп мәлімдеді Павлодар қаласы әкімі баспасөз қызметінің басшысы Мақпал Қаржаубай.
Бассейн маңына 50 ағаштан жатын орындық орнатылған, душ кабиналары мен киім ауыстыратын бөлмелер бар. Қоқыс жәшіктері де қарастырылған. Тазалық пен қауіпсіздікке ерекше көңіл бөлінеді. Ал келушілерге ыңғайлы болу үшін алдын ала жазылу жүйесі енгізілген. Ол үшін «Бассейн PVL» Telegram-ботына кіріп, тіркеліп, өзіңізге қолайлы уақытты таңдауыңыз қажет.
Айтмұхамбет Айғожа
