• Басты бет
  • Спорт
  • Павлодарлық баскетболшылар арада 11 жыл салып Қазақстан чемпиондары атанды

Павлодарлық баскетболшылар арада 11 жыл салып Қазақстан чемпиондары атанды

Павлодарлық 2-спорт мектебінің U14 құрамасы, баскетболдан өткен жасөспірімдер арасындағы Қазақстан чемпионатының жеңімпазы атанды. Өңірлік басткетбол мектебінде бас жүлде соңғы рет 11 жыл бұрын тіркелген, сондықтан бұл өте маңызды, әрі қуантарлық нәтиже дейді бапкерлер.

 Алматы қаласында 14 жасқа дейінгі жасөспірімдер арасындағы Қазақстан чемпионатына еліміздің 9 облыс құрамалары қатысты. Әдеттегідей, сарапшылар біріншілікте алаң қожайындары, Алматы командасы жеңіске жетеді деп ойлаған. Бірақ, күтпеген жерде Павлодар құрамасы топжарды. Жерлестеріміз іріктеу кезеңін жеңіл өтіп, плеф-оффта фавориттерді үйлеріне қайтарды.

 -Біз үшін турнир жеңіл өтті. Шыны керек, соншалықты оңай болады деп өзім де ойлаған емеспін. Тым болмағанда жүлдеге іліксек жақсы деп едім, барлығының деңгейін көріп, осы жолы алтынға күресуге болатындығын түсіндік. Жігіттерге ырзамын, барын салды. Жеңдік деп демалып отырмаймыз, тек алға, алдағы турнирлерде өзімізді көрсетуге қосымша жігер болды,-дейді команда бапкері Шыңғыс Апсалямов.

 Жартылай финалда алматылықтарды жеңген соң, Павлодар құрамасы бас жүлде үшін басты қарсыласты тізе бүктіреді. Финалға шыққан Шымкент командасы біздің жігіттерге еш қарсылық көрсете алмай, ірі есеппен жеңіледі.

 -Біз шымкентпен ойнадық. Барлық ойыншылары жақсы ойнады. Қиын болды. Бірақ біз жеңіске жеттік, -деп ойымен бөлісті құрама ойыншысы Абылайхан Алпысбай.

 Айту керек, команда сапында Данила Черныш MVP жүлдесіне ие болып, жекелей шеберлігі үшін марапатталды. Кубокпен оралған чемпиондар дайындықты тоқтатқан емес. Үзіліс жоқ көрінеді. Мықтылығын дәлелдеген команда, бұдан да биік белестерді бағындыруға асық.