• Басты бет
  • Спорт
  • Павлодарлық боксшы Серік Теміржанов Азия чемпионатының 1/4 финалына шықты

Павлодарлық боксшы Серік Теміржанов Азия чемпионатының 1/4 финалына шықты

Иордания елінде отандық жанкүйерлер көптен күткен бокстан Азия чемпионаты басталды. Байрақты додаға Қазақстан құрамасы сақадай сай дайындықпен аттанды. Команда сапында павлодарлық Серік Теміржанов та өнер көрсетуде. Жерлесіміз алғашқы жекпе-жекте жеңіске қол жеткізді.

 

Павлодарлық бокс мектебінің мақтанышы Серік Теміржанов Иордания елінің Амманда қаласында өтіп жатқан Азия чемпионатында әдеттегідей өзінің 57 келі салмағында өнер көрсетуде. Алғашқы жекпе жекте Түркіменстандық боксшы Ихлас Қылышжановпен кездесті. Шаршы алаңда сенсация болмады, жерлесіміз өте салмақты әрекет етіп, дәлме-дәл соққыларымен, әр кезеңді, көп ұпай жинаумен өткізді. Бұл айқаста төрешілер барлық раундтардағы басымдылықты қазақстандық спортшыға берді. Осылайша, Теміржанов Азия біріншілігінде нық қадам жасады.

 

-Бірінші жекпе-жегім жеңіске жеттім. Түркімендік бауырымыз, осал емес, соққылары қатты екен. Енді бапкерлердің айтуымен, бәрін толық орандап, жеңіске жеттік. Еліміз үшін алтын медаль алуға тырысамын,-деді павлодарлық боксшы.

 

1/4 финалда Серік Теміржанов алаң қожайындары, иорданиялық Юсеф Иашашпен кездеседі. Жекпе-жек қарашаның 6-сы күні өтеді. Айту керек, Азия біріншілігінде Қазақстан құрамасы сапында Сәкен Бибосынов пен Санатәлі Төлтаев та қарсыластарымен кездесіп, жеңіске жете білді. Ауқымды чемпионат қарашаның 13-не дейін жалғасады.